
Елорда күніне орай «Сарыарқа» ауданында И.Күтпанов көшесі мен Сарыарқа даңғылы, 11 мекенжайларында абаттандырылған тағы 2 аула пайдалануға берілді. Жалпы, құрылыс маусымы басталғалы аудан бойынша 13 аула аумағына күрделі жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Жобалар аясында аулаларға қауіпсіз резеңке жабынды төселіп, заманауи ойын кешендері, спорт алаңдары мен шағын футбол алаңдары орнатылды. Аталған жұмыстар тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері негізінде жүзеге асырылып, олардың белсенді қатысуының нәтижесінде іске асты.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін бүлдіршіндер үшін мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Балалар сүйікті мультфильм кейіпкерлерімен кездесіп, түрлі ойындар мен байқауларға қатысып, естелік сыйлықтарға ие болды.
Ауданда кешенді абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл Республика даңғылынан Сарыарқа даңғылына дейінгі Кенесары көшесін қайта жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, қалалық ортаны жақсарту бағытында жаңа көше жиһаздары орнатылып, жарықтандыру жүйесі жаңғыртылып, ескі жарық бағандары ауыстырылуда.