
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Сарыарқа» ауданында жаңартылған 8 аула мен бір қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Жаңа нысандар аудан тұрғындары, әсіресе балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Күрделі жөндеуден өткен аулаларда заманауи резеңке төсемдер төселіп, балалар ойын алаңдары жаңартылды, сондай-ақ спорт және футбол алаңдары жабдықталды. Жобалар тұрғындардың ұсыныс-пікірлері негізінде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, К. Күмісбеков көшесі, 7/1, Жеңіс даңғылы, 3 және 5, Н.Тілендиев даңғылы, 16/1, Титова көшесі, 14, Конституция көшесі, 25 және 27, сондай-ақ Қарталы көшесі, 6 мекенжайларында кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Ирченко көшесінде тұрғындарға арналған жаңа шағын аллея абаттандырылды.
Мәселен, Жеңіс даңғылы, 3 және 5 мекенжайларында экологиялық материалдардан жасалған заманауи ағаш ойын сәулет нысандары орнатылды. Бұл бастаманы алдағы уақытта ауданның өзге де аулаларында кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.