
Елордалық Сарыарқа ауданында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған тағы бір әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. «Береке Астана» @bereke_astana_ қоғамдық бірлестігінің кезекті орталығы ашылып, балаларға сапалы көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтіп, ата-аналар үшін қолжетімді қолдау алаңына айналды.
Жаңа орталықтың негізгі мақсаты – балалардың даму деңгейін арттыру, қоғамға бейімдеу және кешенді түзету-дамыту көмегін ұйымдастыру. Бұл жерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Бүгінде ұйым жартылай стационарлық және үй жағдайында қызмет көрсету форматында жалпы 920 баланы қамтып отыр. Оның ішінде күндізгі бөлімдерде 540 бала, ал үй жағдайында 380 бала арнайы қызмет алады.
Орталықта әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, педагогикалық, психологиялық, мәдени және еңбекке баулу бағыттары бойынша қызметтер ұсынылады. Сонымен қатар балалармен жеке және топтық түзету-дамыту сабақтары өткізіліп, әр балаға жеке бағдарлама әзірленеді.