
«Заң және тәртіп» нарративі және «Айқын нәтиже» жобасы аясында Сарыарқа ауданында ауқымды рейдтік іс-шаралар өткізілді.
Негізгі назар ойын-сауық орындарындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың болуы, есірткі заттарын сақтау мен тарату деректері, сондай-ақ кальян қолдану фактілері тексерілді.
Іс-шараға 100-ден астам адам жұмылдырылды. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық прокуратура өкілдері, аудан әкімдігі аппараты және еріктілер бар. Түнгі рейдтер барысында бірқатар ойын-сауық орындары қаралып, күзет қызметінің болуы және қоғамдық тамақтану орындарында кальян қолдануға тыйым салу талаптарының сақталуы назарға алынды. Нәтижесінде, ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша 6 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кету қажет, заңнамаға сәйкес кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында, ал 23:00-ден кейін көшеде заңды өкілдерінсіз жүруге жол берілмейді. Бұл талаптар рейдтік іс-шаралар барысында ерекше бақылауда болды.
Рейд қорытындысы бойынша түрлі құқықбұзушылықтар үшін 150 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.