
Сарыарқа ауданы әкімдігінде салалық қызмет өкілдері көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару және күтіп-ұстауға қатысты негізгі мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
КСК/МИБ төрағаларына «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңнамадағы өзгерістер, кондоминиум нысандарын басқару формалары бойынша жаңашылдықтар жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында лифтілерді ауыстыру, ортақ мүлікті жөндеу тәртібі, жылу есептеу жүйелерінің элементтерін беру және қызмет көрсету қағидалары айтылды.
Одан бөлек тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өртке қарсы жүйелерді тексеру, белгіленген талаптарды сақтау мәселелері көтерілді. Сондай-ақ тұрғындармен жиналыстарды ұйымдастыру, көктемгі дезинсекция және дератизация жұмыстарын жүргізу, аулалардың санитарлық жағдайы, кіреберістерді қар мен көктайғақтан тазалау және подъездерді жинау тәртібі түсіндірілді.