
Елордамыздың «Сарыарқа» ауданы алдағы қысқы маусымға толық дайындық жұмыстарын аяқтады. Аудандағы көшелер мен аулаларды қардан тазалау жұмыстарын 22 мердігер ұйым атқарады. Бұл қыстың күрделі жағдайында қаланың қауіпсіздігі мен тазалығын қамтамасыз етудің басты кепілі. Қысқы маусымға дайындықты тексеруге Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев, әкімшілік полиция өкілдері, ауданның ТЖ басқармасы, мердігерлер қатысты.
Қысқы маусымда санитарлық тазалау жұмыстарына 586 арнайы техника мен 770 жол жұмысшысы жұмылдырылады. Жұмысшылар үшін 25 жылыну және тамақтану пунктідайындалған. Қардың қалың түсуі кезінде техника саны арттырылып, көшелерді дер кезінде және тиімді тазалауға мүмкіндік жасалады.
Қарды шығару және сақтау үшін Астрахан тас жолының бойында 53 гектар аумақты қамтитын қар полигоны әзірленді. Полигон бейнебақылау жүйесі мен самосвал көліктерінің нөмірлерін тіркеу жүйесі орнатылған. Сондай-ақ, полигон тұрақты жарықтандырумен және үздіксіз электрмен жабдықтаумен қамтылған.
Қардың көлемі күрт артқан жағдайда қолдануға болатын қосымша 20 Га резервтік полигонда дайын тұр.