Жыл басынан бері «Сарыарқа» ауданында «Астана Жарнама» КММ мекемесімен бірлесе 1000-нан астам заңсыз орнатылған жарнама маңдайшалары алынып тасталды. Бұл жұмыс елорданың сыртқы келбетін ретке келтіру және оны қала бойынша бекітілген дизайн-код талаптарына сәйкестендіру мақсатында жүргізілуде.
Дизайн-код не үшін қажет?
Дизайн-код – бұл ғимараттардың қасбеттерін, маңдайшалар мен жарнамалық құрылымдарды безендірудің бірыңғай ережелері. Ол қаланың сәулеттік үйлесімін сақтауға және визуалды әдемі орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әрбір көше мен ғимаратқа жарнаманы қай жерге және қандай форматта орналастыруға болатынын айқындайтын жеке тұжырымдама әзірленеді.
Өз мекенжайыңыз бойынша тұжырымдаманы қайдан білуге болады?
Дизайн-код жөнінде толық ақпарат алу үшін КММ «Астана Жарнама» мекемесіне Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайы бойынша жүгінуге болады.
Нормаларға сай келмейтін жарнамалық құрылымдарды алу жарнама орналастыруға тыйым салу емес. Кәсіпкерлер өз маңдайшаларын орната алады, тек олар дизайн-код талаптарына сай болуы қажет.
Маңдайшаларды әзірлеу кезінде қасбет түсінен тым ерекшеленетін ашық түсті астарларды қолданудан аулақ болу керек. Жарнамалық элементтер ғимараттың сәулеттік ерекшеліктерімен үйлесіп, оның сыртқы келбетін бұзбауы тиіс.