Абаттандырудың бірыңғай стандартына қарамастан, әрбір аула өзіндік ерекшелігі мен тұрғындардың тілектеріне негізделген жеке тұжырымдамамен жаңартылады. Жөндеу жұмыстары сол аумақтың нақты қажеттіліктеріне сай іске асырылады.
2025 жылы Сарыарқа ауданы аумағында бірнеше қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Атап айтқанда, осы аптада пайдалануға берілетін «Иллюзия саябағы» мен Республика даңғылы, 7/1 мекенжайындағы қоғамдық кеңістік. Мұнда заманауи ойын алаңдары, демалыс орындары мен скейт-аймақтар пайда болды.
Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 16 аулада кешенді абаттандыру жұмыстары аяқталды. Биыл жалпы саны 30-дан астам ауланы жаңарту жоспарланған.