Елордада «Ұлттық ұлан – ел айбыны» атты жаңа мурал ашылды

Елордада «Ұлттық ұлан – ел айбыны» атты жаңа мурал ашылды

Сарыарқа ауданы, С.Сейфуллин көшесі 9/1 мекенжайында Ұлттық ұлан сарбаздарына арналған патриоттық рухтағы жаңа муралдың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

 

22 метрлік көркем композиция ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде айрықша рөл атқаратын Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен биік рухының символы. Муралда көк Ту аясында бейнеленген жас сарбаз, жауынгер және құрмет қарауыл ротасының сарбаздары бейнеленген

 

Салтанатты шара аясында муралдың ашылу лентасын қию құрметі №5573 әскери бөлімінің қызметкерлері Даниал Сәрсенғалиев пен Нұржан Жұмабекұлына тапсырылды.

 

Айта кету керек, Даниал Сәрсенғалиев патруль қызметі кезінде көшеде есінен танып қалған жасөспірімге дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалған. Ал Нұржан Жұмабекұлы елордалық сауда орталықтарының бірінде өрттің алдын алуға белсене атсалысқан.

 

Бұл мурал Ұлттық ұлан сарбаздарының жанқиярлығын ұлықтайтын және жас ұрпаққа өнеге болатын мәні терең ескерткішке айналмақ.