
Елордалық «Сарыарқа» ауданында нашақорлықпен күрес айлығы аясында тыйым салынған заттарды жарнамалайтын жасырын жазбаларды, яғни наркограффитилерді анықтап, жою бойынша кезекті рейд өтті.
Шараға аудандық прокуратура, полиция басқармасы, аудан әкімдігі өкілдері және еріктілер қатысты. Бірлесе әрекет еткен қатысушылар көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғалары мен подъездерін, қоғамдық кеңістіктерді ондаған зиянды жазбалардан тазартты.
«Бұл бастамалар тек алдын алу шарасы ретінде ғана емес, қоғамда есірткі мәдениетіне деген теріс көзқарасты қалыптастыру үшін де маңызды. Ең бастысы бұл жұмысқа бейжай қарамайтын қала тұрғындары мен еріктілердің белсенді қатысуы қуантады. Жыл басынан бері 340-тан астам осындай жазбалар жойылды», — деді Дамир Хисматуллин, «Сарыарқа» ауданы әкімі аппаратының бас маманы.
Айта кету керек, рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Негізгі мақсат қала кеңістігін және жастарды есірткі бизнесінің теріс ықпалынан, зиянды насихаттан қорғау.