«Нұра» ауданында ҚР жаңа Конституциясының жобасы талқыланды

«Нұра» ауданында ҚР жаңа Конституциясының жобасы талқыланды

«Нұра» ауданында ҚР жаңа Конституциясы жобасына арналған қоғамдық талқылау форматында аудан белсенділерімен кездесу өтті.

Кездесуді аша отырып, аудан әкімі Ришат Тұрдыбеков қоғамдық талқылаулардың басты мақсаты — азаматтар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы тарапынан түскен ұсыныстар мен бастамаларды жан-жақты талдау екенін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, жыл сайынғы Жолдау аясында 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті бір палаталы Парламентке көшу көзделген конституциялық реформаны өткізуді ұсынды. Бұл бастама саяси жүйені кешенді түрде қайта жаңғыртуға және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасауға бағытталған», – деді аудан әкімі.

Кездесу барысында Конституциялық комиссияның мүшесі Зулфухар Гаипов Конституция жобасындағы негізгі жаңашылдықтарға кеңінен тоқталды.

«Жобада 11 бөлім 95 бап бар. Кейбір бөлімдер бірінші рет қосылып отыр. Бұл – бірінші ерекшелігі. Екіншісі, бұл нұсқаның преамбуласы жаңадан жазылып шықты. Кіріспе «Біз, біртұтас Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекетті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңжылдық тарихын сабақтастығын сақтап…» деп басталады.

Жаңа Конституцияда арнайы 30-бап енгізілді. Мұнда «Неке ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркелген ерікті одағы» деп жазылған. Парламент бір палаталы болады. Оның атауы — Құрылтай. Сондай-ақ жаңа саяси институт — Халық кеңесі пайда болды», — деп атап өтті Зулфухар Гаипов.

Аталғандай, Халық кеңесі азаматтардың мүдделерін білдіретін және оларды маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне тартуға бағытталған консультативтік орган болмақ.

Қоғамдық талқылауға сондай-ақ қоғам қайраткерлері, аудандық басқармалар мен құрылымдардың басшылары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының өкілдері қатысты. Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.