Астана — есірткісіз қала: КВН жұлдыздары акцияны қолдады

Астана — есірткісіз қала: КВН жұлдыздары акцияны қолдады

Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өтті.

Кездесу интерактивті форматта ұйымдастырылып, оған «Астана» («Спарта») КВН командасының жұлдыздары қатысты. Олар еркін әрі ашық форматта студенттермен тілдесіп, салауатты өмір салтын ұстанудың, спортпен шұғылданудың және зиянды әдеттерден бас тартудың маңыздылығына назар аударды. Танымал тұлғалардың әзіл мен өмірлік тәжірибеге негізделген әңгімелері жастарға негізгі ойды жеңіл әрі түсінікті жеткізуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар студенттер алдында полиция қызметкерлері мен нарколог мамандар сөз сөйлеп, есірткіні қолданудың ауыр салдары, жастарды заңсыз айналымға тарту жолдары және есірткі қылмыстары үшін көзделген жауапкершілік жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Бұдан бөлек, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің көрсетілімдері ұйымдастырылып, кинологтардың қатысуымен қызметтік иттердің жұмысы таныстырылды.

Іс-шараға шамамен 400 студент қатысты. Қатысушылардың пікірінше, мұндай формат дәстүрлі профилактикалық дәрістерге қарағанда әлдеқайда қызықты әрі тиімді.

«Мұндай формат шынымен әсерлі. Қоғамға танымал адамдар өз тәжірибесімен бөліскен кезде, жастар оны шынайы қабылдайды. Бұл салауатты өмір салтын ұстануға ғана емес, жеке дамуға да серпін береді», — деді студент Ардақ Орынбасар.