Астанада ерекше балалар үшін жаңа инклюзивті ойын алаңы ашылды

Астанада ерекше балалар үшін жаңа инклюзивті ойын алаңы ашылды

Бүгін елордалық «Нұра» ауданында жалпы аумағы 738 м² болатын жаңа инклюзивті ойын алаңының салтанатты ашылуы өтті. Нысан ерекше қажеттіліктері бар балаларға толық бейімделіп, олардың еркін ойнап, білім алып әрі дамуына барлық мүмкіндік жасалған.

Жаңк алаң көзі нашар көретін, қозғалысы шектеулі және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың қажеттіліктерін ескере отырып жобаланған. Мұнда ойын, спорт және танымдық аймақтар тоғыстырылып, әр балаға тең қолжетімді орта қамтамасыз етілді.

Қолжетімді ортаның ерекшеліктері

  • тактильді плиткалар мен бағыттаушы жолақтар;
  • әртүрлі жабындардан құралған «сезімдер жолағы» (шағал тас, көгал, құм, болат, жұмсақ жабын);
  • Брайль қарпімен жазылған ақпараттық тақтайшалар (әліпби, алаң сызбасы, бағдарлар);
  • кең жолдар мен ыңғайлы навигация.

Демалыс және таным аймақтары

  • шатыр астындағы шағын кітапхана;
  • қол тіреуіші бар орындықтар және омыртқа ауруына бейім балаларға арналған арнайы орындықтар;
  • шатыр астындағы ас үстелдері;
  • велосипед пен арбаларға арналған тұрақ.

Ойын және спорт алаңдары

  • батуттар мен әткеншектер (оның ішінде «ұя-әткеншек»);
  • кеме бейнесіндегі инклюзивті ойын кешені;
  • воркаут аймағы;
  • арбамен ойнауға ыңғайлы көтеріңкі құмсалғыш.

Мини-қалашық (интерактивті аймақ)

  • ғимараттар: өрт сөндіру бекеті, жедел жәрдем, полиция, қонақүй, СТО, мейрамхана;
  • инфрақұрылым: бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері.

Аудан әкімі Ришат Тұрдыбеков: «Біздің міндетіміз – әрбір отбасының өзін қоғамның назарында, қамқорлықта сезінуі. Инклюзивті ойын алаңы – балалардың еш кедергісіз бірге ойнап, бірге дамуына жол ашатын маңызды бастама», – деп жобаның басты мақсатын атап өтті.

Жаңа алаңша Астанада қолайлы әрі баршаға қолжетімді орта қалыптастырудағы тағы бір маңызды қадам болды.