Аким района Ришат Турдыбеков встретился с жителями жилого массива «Үркер»

Аким района Ришат Турдыбеков встретился с жителями жилого массива «Үркер»

Аудан әкімі Ришат Тұрдыбеков «Үркер» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Мұндай кездесулер атқарылған жұмыстарды талқылап, халық үшін маңызды мәселелерді тыңдауға мүмкіндік береді. Кездесуге сондай-ақ басқармалардың өкілдері де қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, тұрғын алапты дамыту жоспарларымен бөлісті.

«Нұра» ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков:

Биыл «Үркер» тұрғын алабында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Газдандыру бойынша 20 шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Нысанда 60 маман жұмыс істеп, 7 арнайы техника жұмылдырылған. Жыл соңына дейін қосымша 88 шақырым газ құбыры жүргізіліп, тұрғындар тұрақты газбен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар инженерлік желілер мен жолдар құрылысы қатар жүргізілуде: 9 шақырымнан астам сыртқы жарықтандыру орнатылды, кәріз желілері іске қосылды. «Астана Су Арнасы» МКК-мен бірлесіп, желілерді теңгерімге алу үшін тексеру жүргізіліп, анықталған ескертулер жойылуда. Жыл соңына дейін жұмыстар толық аяқталып, желілер мен жолдар кезең-кезеңімен тапсырылады.

Ауданның келбеті де өзгеруде. Биыл «Айғыржал», №69 мектептің артындағы және «Нұра» ДШСК маңындағы үш саябақ жаңартылып, 1 маусым күні ашылды. Қазір ДШСК аумағында жаңа қоғамдық кеңістік, сондай-ақ «Астана» КТК-де ауланы абаттандыру жұмыстары жалғасуда. 30 қоқыс алаңы орнатылып, 7 торлы контейнер қойылды, жыл соңына дейін тағы 30 алаң жасақталады. Жаз мезгілінде санитарлық тазалыққа 15-тен астам техника бірлігі мен 75-тен аса жол жұмысшысы, қысқы кезеңде қар тазалауға 70-тен аса техника мен 80-нен астам жұмысшы тартылады.

Автобус аялдамалары да қолайлы бола түсуде. Қазіргі таңда олардың жалпы саны — 54, оның ішінде 47-сі ашық, 7-і жылы. Биыл барлық аялдама павильондарында жөндеу жүргізілді: кей жерлерде әйнектер ауыстырылып, орындықтар жөнделсе, басқа аялдамаларла кондиционерлердің ақаулары жойылды, сырлау жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін қосымша жылы аялдамалар орнатылады.

Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылуда. Тұрғын алап аумағына 230-дан астам жарықдиодты шам орнатылды, қосымша 12 тірек ДШСК аумағында және 13 тірек МЖК «Астана» маңында пайда болады. Цифрландыру басқармасы 200-ден аса бейнебақылау камерасын орнатады. Жыл басынан бері 570-тен астам қаңғыбас ит ұсталды. Барлық жануарлар арнайы питомникке жеткізіліп, тиісті күтім жасалады: жуылып, тамақтандырылып, чиптеліп, әрі қарай отбасы табуына дайындалады.

Көгалдандыру жұмыстары да жалғасуда. Көктемде 350-ден аса ағаш отырғызылды, күзде жаңа көшеттер Р. Есімжанова көшесіндегі скверге, №33 мектеп маңына және Исатай батыр көшесінің бойына егіледі.

Әлеуметтік инфрақұрылым да дамып келеді. Жаңа жайлы мектеп ашылып, №25 өрт сөндіру бекеті жұмысын бастады. Назым Хикмет көшесіндегі жаңа мектеп пен Қожаберген жырау көшесіндегі балабақша құрылысы кестеге сай жүргізілуде. Тұрғындардың ыңғайлылығы үшін 450-ден астам мекенжай тақтайшасы орнатылды, жыл соңына дейін олардың саны арта түседі.

Белсенділік танытып, ұсыныстарын білдірген тұрғындарға алғыс айтамын! Бүгін көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынады.