
Астана қаласы мәслихатының депутаттары елорданың медициналық ұйымдарында жергілікті жердегі нақты жағдайды бағалау мақсатында көшпелі кеңес өткізді. Негізгі назар қала тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігіне аударылды.
Әрқайсысы 100 мыңнан астам тіркелген халыққа қызмет көрсететін «Салауатты Астана» және «Шипагер» емханаларын аралау барысында екі мекеменің де жалға алынған ғимараттарда орналасқаны атап өтілді. Бұл бірқатар қажетті медициналық жабдықтарды орнатуға мүмкіндік бермейді, соның салдарынан пациенттер басқа медициналық ұйымдарға жүгінуге мәжбүр.
Депутаттарға таныстырылған негізгі инфрақұрылымдық жобалардың қатарында 250 төсек-орынға есептелген перинаталдық орталық бар. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Шұғыл медицинаны үйлестіру ұлттық орталығында депутаттар осы аптада ашылған травматология бөлімшесінің жұмысымен танысты. Мұнда жеңіл жарақат алған балаларға көмек көрсетіледі, ал ауыр жарақат алған пациенттер № 2 балалар ауруханасына жіберіледі. Бөлімше заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген және қазірдің өзінде тиімді жұмыс істеп жатыр.