
Астана қаласы әкімдігі мен мәслихатының делегациясы Испанияның Барселона қаласында өтетін және жаһандық индустрия мен оқиғалық туризм өкілдерін біріктіретін «IBTM World Congress» (Инсентивтер, Іскерлік саяхат және кездесулер) халықаралық туристік көрмесіне қатысты.
Көрме халықаралық байланыстарды орнату, Қазақстан астанасының туристік әлеуетін ілгерілету және тұрақты туризм, қалалық инфрақұрылым және іскерлік іс-шаралар саласындағы үздік тәжірибелермен алмасу үшін маңызды тұғырнама болып табылады.
Астана көрмеде қаланың заманауи инфрақұрылымын, әлемдік деңгейдегі халықаралық орталықтарын және кез келген ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға арналған кәсіби мүмкіндіктерін көрсететін өз стендімен таныстырылды. Астананың IBTM World көрмесіне қатысуы елордаға жоғары табысты туристерді тартуға, шетелдік инвестицияларды арттыруға және қаланың Еуропа мен Азияны байланыстыратын қарқынды дамып келе жатқан бизнес орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам болып табылады.
Қазақстан Республикасы консулдығының қолдауымен Астана қаласы мәслихатының депутаты, Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Кендебай Адамбектің, сондай-ақ «Astana Tourism» және «Astana Innovations» өкілдерінің Барселона мэриясының тұрақты туризмді басқару жөніндегі уәкілетті өкілі, профессор Хосе Антонио Донайремен кездесуі өтті.
Диалог барысында Барселонаның туристік тартымдылығы мен тұрғындардың жайлылығы арасындағы теңгерімге көзқарасы, туристік ағындарды реттеу және инфрақұрылымды дамыту құралдары, Астана мен Барселона арасындағы бірлескен бағдарламалар мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесуде тараптар Астана қаласының әкімдігі мен Барселона қаласының мэриясы арасында туризм саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыру туралы келісті. Астана қаласы делегациясының басшысы Барселона әкімшілігінің басшылығын 2026 жылдың мамыр айында Астанада өтетін «Халықаралық Астана форумына» қатысуға шақырды.
Сапар қорытындылары елорданың туристік саласын одан әрі дамыту және қаланың халықаралық позициясын нығайту жөніндегі ұсыныстардың бір бөлігі болады.