Астана қаласының мәслихатында депутаттардың Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының магистранттарымен кездесуі өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – болашақ басқарушыларды елорданың өкілді органының қызметімен таныстыру, заң шығару қызметінің практикалық тәжірибесімен және қала деңгейінде әлеуметтік бастамаларды іске асырумен бөлісу.
Бұдан басқа, болашақ басқарушылар жергілікті деңгейде мемлекеттік саясатты іске асырудағы елорданың өкілді органының рөлімен, басқарудың айқындығын қамтамасыз етумен, сондай-ақ, депутаттардың сайлаушылармен, әкімдікпен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл тетіктерімен танысты.
Кездесу барысында депутаттар магистранттармен тұрақты комиссиялар құрамындағы практикалық жұмыс тәжірибесімен, тұрақты комиссиялардың отырыстары мен сессия шешімдерін қалыптастыру және даярлаумен бөлісті, азаматтарды қабылдау барысында қала тұрғындары жиі көтеретін мәселелер туралы айтып берді.
Магистранттар талқыланған мәселелерге қызығушылық танытты, жергілікті өкілді органдардың Президент жолдауы мен ұлттық реформаларды іске асыруға қосқан үлесі туралы өзекті және нақты сұрақтар қойды.
Мұндай кездесулер жас мамандардың мемлекеттік басқару жүйесін тұтас түсінуін қалыптастыруға ықпал етеді, сондай-ақ, қоғамға қызмет етуге және ашық әрі жауапты басқарудың тиімді моделін дамытуға қызығушылықты ынталандырады.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.