Қалалық мәслихатта Табиғат Зейнұлқабденнің төрағалығымен жолдар мен жасыл желектерді цифрландыру мәселесіне арналған мәслихат отырысы өтті.
Бұл мәселе бойынша «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Нұржан Мұқаев баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2023 жылдан 2025 жылға дейін көше-жол желісін паспорттау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Жалпы желінің ұзындығы – 109,5 шм: оның ішінде асфальтты бетон жамылғысы – 100,5 шм, қиыршық тасты-ұсақтасты – 21,8 шм, топырақ жолдар – 64,5 шм. Баяндамашының айтуынша, елордадағы көше-жол желісіне қатысты жолдардың паспортталуы мен олардың жай-күйін бағалау, әкімшілендіру, ГАЖ интерактивті картасы, талдау, диагностика және мұрағатқа жауап беретін түрлі элементтер мен модульдерді қамтитын толыққанды дерекқор әзірленген.
Дәулет Досқұлов – қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар басқармасының басшысы жасыл желектерді цифрландыру, 2024 жылы қоғамдық және аула кеңістіктерін абаттандыру, жасыл желектер отырғызу жұмыстары бойынша есеп берді. Оның айтуынша, отырғызылған жасыл желектердің қатарында ірі көлемді ағаштар, көпжылдық бұталар, көгалды қоршаулар мен жасыл белдеу бар. Жасыл белдеудің басты мақсаты – қолайсыз климаттық жағдайларды жұмсарту және қала тұрғындарының жаппай демалысын ұйымдастыру. Жасыл белдеудің жалпы ауданы 14,8 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, жасыл желек егуге жарамдылығын анықтау мақсатында топырақ құрамына талдау жүргізу жоспарланып отыр. Сол сияқты сортаң топырақты мелиорациялаудың тиімді жолдары мен әдістері талқылануда.
«Астанагенплан» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС бас директорының орынбасары Елнар Базыкен Астанадағы жасыл желектерді цифрландыруға байланысты іс-шаралар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, бірінші кезеңде 160 ағашқа жеке QR-кодтар орнату арқылы цифрландыру жүргізілді. Спикердің пікірінше, ең маңыздысы – ағаштардың ылғалдылығын бақылау мүмкіндігі пайда болды. Бұл суару жұмыстарын ұйымдастыруды ыңғайлы етіп, жергілікті бюджетке түсетін салмақты азайтады. Green ID пилоттық жобасы аясында Урбанистика орталығы Астанадағы жасыл желектерді есепке алу бойынша онлайн-платформа құрды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаштар отырғызылып, цифрландырылды, топырақ ылғалдылығын бақылау үшін арнайы датчиктер орнатылды.
Депутат Талғат Ерғалиевтің пікірінше, уәкілетті органдар айналысып жатқан жұмыс – өте жақсы әрі бұл бағыттағы іс-шараларды жалғастыру қажет. Алайда назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселелер бар. 2023 жылы коммуналдық меншікке өткізілмеген 450 мың шм инженерлік желі мәселесі қаралды. Бұл – өте күрделі проблема. Депутатқа құрылыс салушылар жиі ағаш отырғызуға байланысты сұрақтармен жүгінеді. Мүмкін, осы бағытта оқыту семинарларын өткізу қажет шығар, мұндай ақпарат порталға орналастырылған ба – соны да білу керек. Дәл осындай жағдай инженерлік желілер мен тапсырылмаған нысандарға да қатысты. Көбіне бұл құрылыс салушылардың инженерлік желілерді тапсыру тәртібін білмеуінен орын алады. Сондай-ақ Ерғалиев цифрландырудың нақты не беретінін, экономикалық әсері бар ма, соны да білгісі келді. Экономикалық тиімділікті дәлелдейтін есептер бар ма? Платформаны ұстау құны қандай?
Депутат Сәуле Самидин платформаға қызмет көрсету бойынша берілген жауапты қанағаттанарлықсыз деп есептеді. Оның айтуынша, бұл жүйеге мониторинг жүргізетін оператор қажет болады, ал оның шығындары бюджет есебінен қарастырылады. Сол себепті: бюджет шығындары қандай? Платформаға қызмет көрсету кімнің мойнында? – деген сұрақтар қойылды.
Депутат Владислав Сергеев жолдарға қатысты жүйенің жұмыс мерзімі туралы сұрақ қойды – бұл жүйе қашан тек әкімдікке ғана емес, халыққа да қолжетімді болады? Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «E-Joldar» платформасы барлық қолданыстағы цифрлық жүйелерді біріктіруі тиіс. Сергеев отырыстан кейін жүйені депутаттарға көрсетуді, олардың өз ұсыныстарын енгізуіне мүмкіндік беруді ұсынды. Оның пікірінше, бордюрлер, жиектастар, тротуарлар да жүйеге енгізіліп, жөндеу мерзімдері белгіленуі тиіс. Сондай-ақ ол жұмысшы комиссия құрамына депутаттарды енгізуді ұсынды – бұл барлық нюанстарды ескеруге мүмкіндік береді. Аудандық әкімдіктер кеспе тастарды жөндеу жұмыстары мен олардың мерзімдері туралы ақпарат беруі қажет. Жасыл желектерді цифрландыру мәселесімен депутаттар төрт жылдан бері айналысып келеді. Қазіргі таңда қолданыстағы бағдарлама жиі қатып қалады, яғни тиімді жұмыс істемейді. Депутаттың пікірінше, мердігер өзіне жүктелген міндетті атқара алмай отыр. Ол ағаш кесу және оның орнына жасалатын өтемақы қалай есептелетініне қатысты нақты есептің бар-жоғын сұрады. Жүйе тым күрделі және іске жарамсыз деп бағаланды. Осыған байланысты Сергеев бұл мәселе бойынша жеке жиналыс өткізуді ұсынды. Оның пікірінше, QR-кодтар порталға байлануы тиіс, ал бұл жұмыс қоршаған ортаны қорғау басқармасы арқылы орталықтандырылған түрде жүргізілуі керек. Бас жоспар аясында цифрландыруға қатысты жеке-жеке жобалар болмауы тиіс, сондықтан жинақталып, бірыңғай жүйе жасау қажет.
Депутат Гүлжамал Жапарова Дүкенұлы көшесінің бойында екі білім беру мекемесі – жоғары оқу орны мен колледж орналасқанын айтты. Аталған жолды үнемі су басады. Бұл жол да, егілген ағаштар да коммуналдық меншікке өтпеген. Осы мәселе қашан шешіледі? – деген сұрақ қойды.
Депутат Сәуле Самидин құрылыс салушылар отырғызған ағаштарды цифрландыру туралы мәселені көтерді. Оның айтуынша, әкімдік отырғызған ағаштар туралы мәлімет бар, ал аулалық аймақтар бойынша қандай мәліметтер бар? Ол құрылыс салушылармен жасалатын келісімшарттарға жасыл желектерді есепке алу үшін мұндай деректерді міндетті түрде ұсыну талабын енгізуді ұсынды.
Депутат Асқар Смағұлов жасыл желектер бойынша күтіп-баптау жүйеде автоматты түрде көрсетіле ме деген сұрақты нақтылауды сұрады. Суару жүйесі қалай ұйымдастырылған, қай жерлерде автоматты суару қарастырылған? Ағаштарды күтіп-баптау стратегиясы қандай? Қанша ағаш қолмен, қаншасы автосуару жүйесімен суарылады? Ол суару жүйесін ұйымдастыру бойынша жазбаша түрде ақпарат ұсынуды сұрады.
Депутат Кендебай Адамбек барлық цифрландыру жұмыстары цифрландыру басқармасының жетекшілігімен жүргізілуі қажет екенін айтты, бұл мәселені депутаттар бірнеше рет көтерген. Елордада жобалық менеджментпен кім айналысады, жобалық басқару бар ма? деген сұрақ қойды. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқанымен, жүйелі шешімін таппай отыр, – деді ол.