Астанада Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп елордадағы атаусыз көшелердің біріне армян әліпбиінің негізін қалаушы, армян әдебиеті мен жазуының негізін қалаған ағартушы Месроп Маштоцтың есімін беру туралы ұсыныс енгізді. Бұл бастама Қазақстан Президентінің Арменияға жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізілген мәдени ынтымақтастық туралы уағдаластық негізінде көтерілді. Аталған көше «Астана Арена» мен «Сарыарқа» велотрегі аралығында орналасқан. Кеңес мүшелері ұсынысты қолдап, оның халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева қала бюджетінің негізгі көрсеткіштерін таныстырып, қосымша қаражаттың құрылыс, энергетика, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларындағы жобаларға бағытталатынын жеткізді. Сонымен қатар, білім беру, әлеуметтік қорғау, спорт және өзге де әлеуметтік міндеттемелерге қаржы бөлінген.
Дегенмен, Қоғамдық кеңес мүшелері бюджет қаражатын пайдалануда бақылаудың жеткіліксіз екенін, бұл жобалардың орындалу мерзімдерінің кешігуі мен құнының артуына әкеліп соғатынын атап өтті. Осыған орай, кеңес уәкілетті органдарға аяқталуға жақын жобаларды басым түрде қаржыландыруды, қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді және жобалардың орындалу мерзімдеріне бақылау жүргізуді ұсынды.
Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері айтылған ескертулерді ескере отырып, мәслихат шешімі жобасын жалпы мақұлдауды ұсынды.
Сондай-ақ, отырыс барысында Қоғамдық кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.