Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевтың және жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен білім беру мекемелерінің айналасындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесі кеңейтілген құрамда талқыланды. Кездесу барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда, мектептер мен өзге де әлеуметтік нысандарға жер телімдерін бөлу кезінде жаңа тәсілдер қолдану ұсынылды. Бұл ретте оқу орындары жанынан автокөлік тұрақтарын, оқушыларды қауіпсіз түрде түсіру және отырғызу аймақтарын алдын ала қарастыру қажет екені атап өтілді. Сондай-ақ, инженерлік желілер мен кіреберіс жолдарды жобалау кезінде көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымының дамуын ескеру ұсынылды. Білім беру мекемелерін салу және қайта жаңарту жобаларын әзірлеу кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында оларды тиісті салалық құрылымдармен келісу қажеттігі айтылды. Мектеп маңында санитарлық тазалау кезінде ауыр техникалардың қозғалысынан болатын қауіптің алдын алу үшін шағын көлемді арнайы техникаларды пайдалану ұсынылды.
Білім беру нысандарын жобалау кезінде балалардың қауіпсіздігіне қатысты нормаларды жаңа ҚР «Құрылыс туралы» кодексінің жобасына енгізу бастамасы қолдау тапты. Сонымен қатар, уақтылы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға қажетті қаржыландыруды бюджетте алдын ала қарастыру қажеттілігі айтылды. Мектептердің ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйелерін бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру, жол-көлік инфрақұрылымын кешенді зерттеу және қозғалысты ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде нақты шаралар қабылдау ұсынылды. Сондай-ақ, балалар қауіпсіздігіне бағытталған цифрлық платформаларды енгізу бойынша өзге қалалардың тәжірибесін зерттеп, үздік тәжірибелерді елордада қолдану бастамасы көтерілді.