Астана қаласының әкімімен өткен мәслихат депутаттарының кездесуінде қаланың өзекті мәселелері талқыланды. Алдағы кезектен тыс сессияда бюджет қаражатын басым бағыттар бойынша тиімді бөлу мәселесі қаралатын болады. Кездесу барысында елордалықтарды толғандыратын бірқатар маңызды сұрақтар көтерілді. Атап айтқанда, мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеуі, жол-көлік инфрақұрылымы – көшелер мен жолдарды салу және жөндеу, әсіресе мектептер орналасқан аумақтардағы жолдарды жақсарту мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар, коммуналдық салаға қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Жаңа инженерлік желілерді салу, ескірген жүйелерді ауыстыру, медициналық мекемелерді жөндеу және оларды заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты мәселелер талқыланды. Жеңіс Қасымбек бюджет қалыптастыру барысында ең алдымен қала тұрғындары үшін өзекті мәселелер ескерілетінін және оның әлеуметтік бағытта болатынын атап өтті.