Елордада жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда (11.06.2025)

Елордада жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары  жалғасуда (11.06.2025)

Елордада жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Атқарылып жатқан іс-шаралар қаланың көлік қолжетімділігін арттырып, тұрғындар мен қонақтардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

  • Бүгіннен бастап Тұран даңғылының Сығанақ көшесінен Сарайшық көшесіне дейінгі бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстары бір апта ішінде аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар қалада бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда:
  • Бөкейхан көшесінің Керей мен Жәнібек хандар көшесінен Ұлы дала даңғылына дейінгі бөлігін кеңейту басталды. Бұрын екі жолақты болған көше енді төрт жолаққа дейін ұлғаяды. Бұл шара өз кезегінде негізгі магистраль көшелердегі көлік жүктемесін азайтады.

Келесі жылы бұл көшені Қабанбай батыр даңғылына дейін ұзартып, «Пригородный» тұрғын алабына дейін жеткізу жоспарланған.

  • Қ.Қайсенов көшесінің Ұлы дала даңғылынан Бұқар жырау көшесіне дейінгі бөлігінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жол төсеу және абаттандыру жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек- қазан айларында аяқталады.
  • Бұқар жырау көшесінің Тәуелсіздік даңғылынан №37 көшеге дейінгі бөлігінде де құрылыс және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар биыл аяқталады деп жоспарланған.

Барлық нысандар елордалық мәслихат депутаттарының тұрақты бақылауында. Құрметті тұрғындар мен қала қонақтары, жол жөндеу кезеңіндегі уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.