Қалалық мәслихатта елорданың жылумен қамтамасыз етілуі мен энергетикалық қамтылуының қазіргі жай-күйі және даму көріністері жөнінде көпшілік тыңдалым өтті.
Энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Көпешов елордадағы орталықтандырылған жылу жүйесінің қазіргі жағдайы жөнінде баяндама жасады. Аталған жүйе бес негізгі энергия көзіне негізделген: ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, «Тұран» магистральдық жылу көзі және «Оңтүстік-Шығыс» магистральдық жылу көзі. Жүйенің жалпы қуаттылығы – 4104 Гкал/сағ, ал қала тұтынуы – 3578 Гкал/сағ. Осылайша, жылу энергиясы бойынша артықшылық 526 Гкал/сағ құрайды. Сонымен қатар, қалада 7 аудандық және 46 автономды қазандық жұмыс істейді. Бүгінде Астана қаласы бойынша электрмен қамту желілерінің жалпы ұзындығы 8533 шақырымды құрайды, оның ішінде 5202 шақырымы мемлекеттік меншікте, ал 3331 шақырымы жекеменшік иелігінде. Электр энергиясын беру және тарату жұмыстарын бір жекеменшік (Ақмола-РЭК АҚ) және бір мемлекеттік кәсіпорын (Астана-РЭК АҚ) жүзеге асырады. Газбен қамту саласында 800 шақырым желі, 27 газ тарату пункті мен 58 шкафтық газ тарату пункті пайдаланылуда. Бұл нысандар екі автоматтандырылған газ тарату станциясынан (қуаты сағатына 460 мың текше метр) қоректенеді. Сөзінің соңында Нұрлан Көпешов 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындылары мен саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.
«Астана – Аймақтық электр желілік компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Руслан Абжанов электр энергиясына деген сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымы барысында технологиялық бұзушылықтардың айтарлықтай азаюы тіркелген. Атап айтқанда, II дәрежелі 22 істен шығу жағдайы орын алған, ал I дәрежелі істен шығулар мен апаттар тіркелмеген. Мұндай оң үрдіске, ең алдымен, жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру және жабдықтарды пайдалану барысындағы бақылаудың күшеюі ықпал етті.
«Астана – Энергия» АҚ басқарма төрағасы Казбек Кажкенов жабдықтарды жөндеу жоспары туралы баяндады. Барлық конкурс рәсімдері аяқталып, нақты жұмыстар басталған. Қазіргі таңда ЖЭО-2 нысанындағы №8 қазан агрегатына күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар, ЖЭО-2 ішкі аудандық қазандықтарының №2 және №4 қазан агрегаттарына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізілуде. ЖЭО-1 нысанындағы биіктігі 120 метр болатын №3 түтін мұржасына күрделі жөндеу-құрылыс жұмыстары, сондай-ақ ЖЭО-2 басты корпусының құрылыстық құрылымына (II кезек) күрделі жөндеу-құрылыс жұмыстары және ЖЭО-2-нің кіреберіс теміржол жолдарына жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Астана – Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Бегімов жылу желілерінің қазіргі жай-күйі туралы баяндама жасады. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша компанияның балансына 1047 шақырымды құрайтын жылу желілері қызмет көрсетуге алынған. Оның ішінде магистральдық желілер – 285,427 км, таратушы желілер – 761,576 км. 2024 жылы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 53,8%-ды құрады. Даму көріністеріне тоқталған баяндамашы инвестициялық бағдарлама аясында 19 нысан бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жылу жоғалтудың жалпы көлемі 12,8%-ды құрайды.
Мәслихат депутаты Кендебай Адамбек қалада жылумен және электрмен қамту саласындағы мәселелер депутаттарға жақсы таныс екенін жеткізді. Оның айтуынша, бірқатар аяқталмаған жобалар депутаттардың тікелей қатысуымен іске асырылды. Ол басқарма басшылары мен бағынысты мекемелерге қатысты бірқатар өзекті сауалдар қойды. 2023 жылы Мемлекет басшысы «Инвестицияға айырбас – тариф» бағдарламасын жариялаған болатын, осыған сәйкес Үкімет салалық көрсеткіштерді әзірледі. Баяндамада жылу желілерінің тозуы – 53,8%, электр желілерінікі – 31%, ал энергия көздерінікі – 44% екені айтылды. Энергия көздеріне қатысты депутаттың көптеген сұрақтары болды. Оның пікірінше, атқарылған жұмыс көп болғанымен, жылу электр орталықтары (ЖЭО) моральдық және физикалық тұрғыда ескірген. Жақында солардың бірінің 45 жылдығы аталып өтті. Ал турбиналардың жұмыс істеу мерзімі – 35 жыл, оларды шексіз жөндей беру мүмкін емес. Демек, жаңа ЖЭО салмай, бұл мәселені шешу мүмкін емес. Ол Үкімет 2029 жылға дейін әрбір бағыт бойынша белгілеген көрсеткіштерге қатысты нақты сұрақ қойды. Қазіргі қарқынмен бұл көрсеткіштерге қол жеткізуге күмән келтіретінін жеткізді. Субсидиялау мәселесіне тоқталған депутат: «Жылу тарифінің бекітілген деңгейі мен оның нақты өзіндік құны арасындағы айырмашылық бар екенін түсінемін. Жыл сайын субсидия көлемі, соның ішінде газ бойынша да, артып келеді. Мүмкін, бұл айырмашылықты тарифті кезең-кезеңімен көтеру арқылы жабу керек шығар. Бюджеттен үнемі субсидия бөлу қиынға соғуда», – деді. Оның пікірінше, қалыптасқан жағдайдан шығудың нақты жолдарын қарастыру қажет. Сонымен қатар, барлық бағынысты ұйымдар тарифтің өсуіне әкелуі мүмкін жылу шығындарымен тікелей айналысуы тиіс. Осы шығындарды 3–5%-ға дейін төмендетуге бағытталған арнайы бағдарлама бар ма? – деген сұрақ қойды.
Депутат Бауыржан Смайылов қалада үш жылу электр орталығы (ЖЭО) бар екенін атап өтіп, олардың қаншасы газбен, қаншасы көмірмен жұмыс істейтінін нақтылауды сұрады. Толығымен газға көшуге мүмкіндік бар ма? Негізінен бұл ЖЭО-лар арзанырақ түсетін Екібастұз көміріне бейімделіп жобаланған. Сондықтан экологияға зиян келтірмес үшін сүзгілер орнату мәселесін қарастыру қажет шығар. Сондай-ақ ол Көктал тұрғын алабы тұрғындарының шағымдарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, жаз мезгілінде түбіртектер жеткізілмейді, ал күзде тұрғындар бірден үлкен сома көрсетілген түбіртектер алады. Осы мәселені шешу үшін түбіртектерді жеткізуді бақылауға алу қажет, – деді депутат.
Депутат Азамат Айтхожин Интернациональный тұрғын алабындағы газбен қамтылмаған «ақтаңдақ» аймақтардың барлығы дерлік жабылғаны үшін алғысын білдірді. Алайда Мичуринода иесіз желілерге байланысты мәселе бар, олар ауа райы қолайсыз кезде тұрақсыз жұмыс істейді (бұрын «Астана Өнім» компаниясына тиесілі болған), балабақша маңында үзіліс орын алған.
Депутат Ғабит Тәжімұратов та Пригородный тұрғын алабындағы «ақтаңдақтар» жойылғанына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Пригородныйға жақын орналасқан саяжай кентінің тұрғындары тарифтің қымбаттауына байланысты шағымданған. Технологиялық бұзушылықтарға қатысты депутат: «Астана – Энергия» және «Астана – РЭК» мекемелерінде бұзушылықтар жиі тіркеледі. Сондай-ақ баяндамадан жекеменшік желілердің бар екенін естідік. Бұл қалыпты жағдай ма? Олар мемлекет меншігіне берілуі мүмкін бе?» – деген сауалын жолдады.
Мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден Facebook желісінде жарияланған Ерик Мамбековтің өтінішін оқып берді. Көктал-1 тұрғын алабының тұрғыны электр қуатына төлемге байланысты мәселе көтерген. Ол 14 жыл бойы ай сайын 20–40 мың теңге көлемінде төлем жасап келген, алайда жақында оған 250 мың теңгеге электр қуаты үшін түбіртек келген. Ол осындай үлкен сома қайдан шыққанын және бұл тарифтің өсуімен байланысты ма деген сұрақ қойды. Сонымен қатар, газ есептегіш құралын орнатуға техникалық шарттар берілмей жатқанын атап өтті. Осыған орай, Зейнұлқабден аталған азаматтың шағымына байланысты толық ақпарат беруді сұрады.
Депутат Асқар Смағұлов желілердің тозуы бойынша баяндамада жағдайдың жақсарғаны айтылғанын жеткізді – көрсеткіш 53,4%-дан 0,3%-ға төмендеген. Алайда бұл басқа қалалармен немесе өңірлермен салыстырғанда жақсы ма, әлде нашар ма деген мәселе туындайды. Басқарма келесі нақтылауға елеулі сома сұрап отыр, бірақ лимиттер былтырғы жылдың соңында бекітілген. Қазір қосымша қаржыландыруды қамтамасыз ету іс жүзінде мүмкін емес, – деді депутат.
Депутат Гүлжамал Жапарова индустриялық саябақтағы электр желілерінің әбден тозған күйі әлі де шешілмеген мәселе болып отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу үшін жаңа қосалқы станса қажет екенін жеткізді.
Мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден тұрғындардан түскен өтініштерге байланысты «Туран» қазандығының екінші кезегіне қатысты мәселені көтерді. Аталған нысан жылыту маусымында жұмыс істемеген. Келесі мәселе – бұған дейін автономды қазандықтар бекітілген тарифсіз жұмыс істеп келген еді. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жағдай қандай? Энергетика саласындағы бірқатар компанияларда аяқталмаған жобалар бар болатын, соның ішінде «Қазбек» қосалқы стансасы бар. Қазіргі жағдай қандай? 220 киловольттық үш қосалқы станса сақиналанған болатын – бүгінде олардың барлығы мемлекет меншігіне өткізілді ме? Сондай-ақ ведомстволық ұйымдардың дебиторлық және кредиторлық берешегі бойынша жалпы көрініс қандай?
Депутат Қанат Ибраев тарифті көтеру жөніндегі комиссия жұмысы аясында негізгі дәлел ретінде қызметкерлердің жалақысын арттыру мен инвестициялық жобалар ұсынылғанын еске салды. Сол кезде депутаттар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын айтқан болатын. Өзінің де тұтынушы ретінде алған түбіртегінде төлем сомасы едәуір артқаны байқалған, бірақ бұл өзгеріс бойынша ешқандай түсіндірме берілмеген. Осыған байланысты, депутат желілердің тозуына байланысты тарифтің өсуіне қатысты басқарма ауқымды жұмыс атқарып жатқанымен, әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз екенін атап өтті.
Басқарма басшысы Нұрлан Көпешов басқарма мен оған бағынысты ұйымдардың кез келген мекемеге барып, жұмысты ашық көрсетуге дайын екенін жеткізді. Тұрғындармен әлеуметтік желілер арқылы белсенді түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі жөніндегі ескертуді қабылдап, бұл бағыттағы жұмыстың күшейтілетінін мәлімдеді.