Астанада Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады

Астанада Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады

Елордада Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 200-ге жуық түрлі форматтағы іс-шара өткізіледі. Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің қатысуымен 50-ден астам іс-шаралар жоспарланған.

«ЕХРО» халықаралық көрме орталығында отандық және шетелдік қолөнершілердің қатысуымен «Көшпелі өркениет» фестивалі өтеді. Қазір белсенді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мерекелеу тұжырымдамасы әзірленіп, сахналық алаңдар дайындалуда.

21-22 наурыз 11:00-ден 16:00-ге дейін елордамыздың Орталық алаңында, «Қазақ елі» монументі, «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңда, елордалық саябақ пен EXPO алаңының аумағында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен негізгі мерекелік концерттер өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, қаланың 5 ауданында 30-дан астам мерекелік концерттер өтеді. 21-22 наурыз күндері сағат 12:00-ден  бастап аудан әкімдіктерімен бірлесіп қаламыздың Алматы ауданының 12 тұрғын үй алабында және Байқоңыр ауданында 8 тұрғын алабында, Сарыарқа ауданының 4 алаңында, Есіл ауданында 4 алаң, сонымен қатар Нұра ауданында 4 алаңда мерекелік шаралар өтеді.

14 наурызда сағат 19:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры «Тал бесіктен – Жер бесікке…» атты театрландырылған қойылымын ұсынады. Іс-шара «Астана Опера» театрының Күләш Бәйсейітова атындағы камералық залында өтеді. Бұл іс-шара – қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарына негізделген хор қойылымы. 15 наурыз күні сағат 19:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында «Наурыз айы туғанда» мерекелік театрландырылған  концерті жоспарланған. 

17 наурызда «Бәйтерек» монументінің алаңында ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты өткізіледі. Ал, ақсақалдар мен көпбалалы аналар «Наурыз бата» береді деп жоспарланған. 19 наурыз күні сағат 16:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Наурыз Ұлттық сыйлығының» марапаттау рәсімі  өтеді. Ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттауға арналған «Наурыз» Ұлттық сыйлығы биыл 9 аталым бойынша табысталады.

21-24 және 29-31 наурыз аралығында Қуыршақ театрында «Наурыз-Думан» қуыршақтар шоуы өтеді. Сондай-ақ 14 наурыз Көрісі күні – Амал мерекесінен бастау алып әрбір күннің тақырыптық іс-шаралармен толықтырылады. Наурыз мейрамын мерекелеу  аясында барлық алаңда киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады. Сонымен қатар, ұлттық спорт ойындары өткізіледі.