
Елордада Наурыз мейрамына арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар қаланың барлық негізгі алаңдарында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кең көлемде өтті.
Атап айтқанда, мерекелік бағдарламалар қала әкімдігі алдындағы алаңда, «Қазақ елі» монументі маңында, «Астана Арена» стадионының автотұрағында, «Ататүрік» паркінде, Astana Music Hall автотұрағында және EXPO аумағында ұйымдастырылды.
Негізгі алаңдарда ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары ұсынылған фуд-корттар мен жәрмеңкелер жұмыс істеді, шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүр көріністері көрсетілді. Спорт сүйер қауым үшін қазақша күрес, садақ ату, гір спорты, қол күресі және асық ату бойынша жарыстар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Биылғы мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі — роботтар мен жасанды интеллект элементтері енгізілген интерактивті аймақтар болды. Қала тұрғындары мен қонақтары цифрлық белсенділіктерге қатысып, ұлттық дәстүр мен инновацияның үйлесімін тамашалады.
EXPO аумағында ауқымды мерекелік бағдарлама өтіп, алты тақырыптық киіз үй жұмыс істеді. Аумақ ұлттық этно-стильде безендіріліп, тайқазан, шаңырақ, қобыз бейнесіндегі сәулеттік элементтермен көркемделді. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» тақырыптық киіз үйінде ағартушылық және интерактивті іс-шаралар өткізілді.
Сондай-ақ «Ұлы Дала Аруы» арт-инсталляциясы, «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесі, «Жеті қазына» экспозициясы, қызғалдақ көрмесі және Nauryz Kitap Fair кітап жәрмеңкесі қала тұрғындары мен қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды.
«Наурызнама» онкүндігі аясында елорда бойынша 200-ден астам мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, мереке ұлттық құндылықтар мен заманауи технологиялардың үйлесімінде жоғары деңгейде өтті.