Астана боксшылары Түркістан облысында дауыс берді

Астана боксшылары Түркістан облысында дауыс берді

Бокстан Түркістан облысында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны кезінде Астана қаласының былғары қолғап шеберлері өз таңдауларын жасап, дауыс берді.

Атап айтқанда, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай мен оның сыңары, ауыр салмақта өнер көрсететін бокстан әлем чемпионы Айбек Оралбай, сондай-ақ олардың жеке бапкері Асқар Еркебаев пен Қазақстан ерлер бокс құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов Түркістан облысы, Леңгір қаласына қарасты Қарабастау ауылында орналасқан дауыс беру учаскесінде өз таңдауларын жасады.

Еске сала кетейік, жуырда ғана Айбек Оралбай «Үздік боксшы» атанған болатын. Спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл маңызды күнге қатысты пікір білдірді.

«Конституция – ел дамуының негізгі бағытын айқындайтын, қоғамдағы әділдік пен теңдіктің кепілі болатын басты құжат. Біздің таңдауымыз – Қазақстанның ертеңі», – деп жазды ол.

Айта кетейік, халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар қоғам өміріндегі маңызды бастамаларға әрдайым белсенді қатысып келеді.