Есіл ауданында қолданыстағы заң талаптарына және белгіленген ережелерге сәйкес келмейтін жарнамалық конструкциялар мен маңдайшаларды алу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері ауданда 107 жарнамалық маңдайша мен 129 сыртқы жарнама элементі алынды. Атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – ауданның эстетикалық келбетін жақсарту, қала кеңістігін көріктендіру және сыртқы жарнама нысандарын белгіленген талаптарға сәйкестендіру. Демонтаж жұмыстары Есіл ауданы әкімдігі мен «Астана-Жарнама» КММ бірлесіп жүргізілуде. Айта кетейік, жарнама иелеріне ереже бұзушылықтарды жою туралы алдын ала хабарлама жолданады.