Есіл ауданындағы №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі 2016 жылы салынған төрт қабатты ғимаратта орналасқан. Бөлімнің материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бөлімде 9 бірлік өрт сөндіру техникасы бар еді. Биыл қала әкімдігі мекемеге тағы 15 бірлік техника тарту етті, бұл ауданның күннен күнге ұлғаюына байланысты қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2024 жылы ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қаражатты үнемдеу арқылы мекеме заманауи жабдықталған бөлімге айналды. Бұл жаңартулар қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне ықпал етіп, қауіпсіздік деңгейін арттырды.
Өрт оқиғасы орын алған жағдайда, алдымен дабыл қосылады. Дыбысты ести сала өрт сақшылары 15 секунд ішінде арнайы киімдерін киіп, оқиға орнына аттанады. Бұл жылдамдық – өрт сөндірушілердің жоғары кәсібилігін айғақтайтын көрсеткіш.
Биылғы жаңа техниканың ерекшелігі – оның тар көшелер мен үйлер арасында оңай қозғала алатынында. Жеңіл әрі шағын көліктер кептелістер кезінде де жол тауып, төтенше жағдайлар орын алған орындарға жылдам жетуге мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Дәрменияр Қыдырбек-ұлы бөлімге жұмыс барысымен барып, өрт сақшыларының қызметіне жоғары бағасын берді. өрт сөндіру қызметінің аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.
Әкім өз аралау барысында 2024 жылы жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижелерін де көріп, мекеменің заманауи деңгейге жеткеніне куә болды.