МІНДЕТТІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ ТУРАЛЫ

МІНДЕТТІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ ТУРАЛЫ

МӘЛІМЕТТІК МАТЕРИАЛ

МІНДЕТТІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ ТУРАЛЫ

 

Міндетті әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру келесі жағдайларда беріледі:

отбасы жағдайына байланысты;

білімін жалғастыру мақсатында;

денсаулық жағдайына байланысты;

педагог қызметкерлерге – қызмет атқару кезеңіне;

ауылдық жерлерде жұмыс істейтін дәрігерлерге – қызмет атқару кезеңіне;

Парламент немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттарына;

тергеу амалдары жүргізіліп жатқан адамдарға;

азаматтық әуе кемелерінің ұшқыш экипаждарының және су көлігі кемелерінің экипаж мүшелеріне;

құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіби даярлықтан өтіп жатқан адамдарға.

 

 

 

 

Әскери қызметтен босату келесі санаттағы азаматтарға беріледі:

денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылғандарға;

жиырма жеті жасқа толғанға дейін заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмағандарға;

әскери қызмет өткеру кезінде қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан, қайтыс болған немесе бірінші не екінші топтағы мүгедектік белгіленген әкесі, шешесі, ағасы немесе әпкесі барларға;

басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткергендерге;

Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет атқарғандарға;

ғылыми дәрежесі барларға;

тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлеріне.

Сонымен қатар, бейбіт уақытта соттылығы бар азаматтар әскери қызметке шақыруға жатпайды.

 

 

Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар шақыру комиссиясына жергілікті әскери басқару органы жіберген шақыру қағазы бойынша келуге міндетті. Шақыру қағазы азаматқа жеке өзіне не жұмыс (оқу) орны бойынша ұйым басшысына қол қою арқылы табыс етіледі немесе SMS-хабарлама арқылы жіберіледі.

Денсаулық жағдайын тексеру және әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтау мақсатында әскерге шақырылушылар аудандық және облыстық медициналық комиссияның тексеруінен өтеді.

Облыстық (қалалық) жинақтау пунктінде медициналық тексеру нәтижелері, отбасылық жағдайы мен моральдық-іскерлік қасиеттері, психологиялық зерттеу және есірткіге тестілеу негізінде әскерге шақырылушыларды жасақталатын командаларға іріктеу үшін әскер өкілдеріне ұсыну жүзеге асырылады.

Жинақтау пункттерінде әскерге шақырылушылардан әскери командаларды жасақтау үш тәулік ішінде жүргізіледі. Осы кезеңде жергілікті атқарушы органдар әскерге шақырылушыларға тәулігіне үш рет ыстық тамақ ұйымдастырады.

 

 

 

Іріктеуден, сұхбаттасудан өткен және әскерге шақыру комиссиясының шешімімен әскери команда құрамына енгізілген әскерге шақырылушылар мерзімді әскери қызметке шақырылады.

Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының әскерге шақырылушыларды әскери қызмет мәртебесін алу және әскери қызметке жіберу үшін әскери команда тізіміне енгізу туралы бұйрығы шығарылады.

Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының бұйрығы шығарылған күн мерзімді әскери қызметтің басталу күні болып есептеледі.

Аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қала) әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және оларды Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың тиісті түрі мен тегіне жіберу туралы шешім қабылдаған кезде олардың мамандығы мен денсаулық жағдайын ескереді, осыған байланысты, ең алдымен:

  • ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру факультеттерін бітірген, бронетанк техникасын шығаратын ұйымдарда жұмыс істейтін әскерге шақырылушылар Құрлық әскерлеріне жіберіледі;

 

 

 

  • математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттерді бітірген, зымырандық, авиациялық және радиотехникалық жабдықтарды шығаратын ұйымдарда жұмыс істейтін әскерге шақырылушылар Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерін жасақтауға жіберіледі;
  • Десанттық-шабуылдаушы әскерлерді жасақтау үшін жалпы орта білімнен төмен емес білімі бар, жақсы дене дайындығына ие, ең алдымен парашют спортымен айналысатын әскерге шақырылушылар іріктеледі;
  • Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау және күзету жөніндегі әскери қызметтің ерекшеліктеріне байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тиісті дене және моральдық-психологиялық қасиеттері бар, білімі жалпы ортадан төмен емес әскерге шақырылушыларды басым тәртіппен іріктеу арқылы жасақталады;

 

 

 

 

  • Мемлекеттік күзет қызметі – күзету іс-шараларын жүзеге асыратын арнайы мемлекеттік орган ретінде, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бойы 180 см-ден төмен емес және 195 см-ден жоғары емес, сондай-ақ білім деңгейі, еңбек тәжірибесі және дене дайындығына қойылатын талаптарға сәйкес келетін әскерге шақырылушылармен басым тәртіппен жасақталады;
  • Ұлттық ұланды жасақтау үшін, қоғамдық тәртіпті қорғау және қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету жөніндегі міндеттерге байланысты, негізгі орта білімнен төмен емес білімі бар әскерге шақырылушылар іріктеледі;
  • Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау әскери бөлімдері – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы уәкілетті орган ретінде, ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру, физика және инженерлік факультеттерді бітірген әскерге шақырылушылармен жасақталады.

 

 

Мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 647-бабына сәйкес, әскери есепте тұрған немесе әскери есепте тұруға міндетті азаматтың жергілікті әскери басқару органы шақырған уақытта дәлелді себепсіз келмеуі бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 648-бабына сәйкес, әскерге шақырылушының медициналық тексеруден немесе комиссия жолдаған тексеруден жалтаруы ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, заңды негіздерсіз әскери қызметке шақырудан жалтару мынадай жазаға әкеп соғады:

бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары;

төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту;

бір жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу немесе дәл осындай мерзімге бас бостандығынан айыру.

Егер азамат өз денсаулығына зиян келтіру, ауруды жасанды түрде көрсету, құжаттарды қолдан жасау немесе өзге де алдау жолымен әскери қызметке шақырудан жалтарса, қатаңырақ жазаланады, себебі аталған мән-жайлар ауырлататын жағдай болып табылады.

 

 

 

 

Қазақстанда баламалы қызмет қарастырылмаған. Алайда денсаулық жағдайына байланысты шектеулері бар азаматтарға арналған дайындық мүмкіндігі бар. Бұл дайындық ҚР Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектеп» филиалдарында жүзеге асырылады.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, 24 жастан 27 жасқа дейінгі әскерге шақырылушылар ҚР Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектептер» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалдарында ақылы негізде әскери дайындықтан өте алады. Бұл мерзімді әскери қызметтен өтпеген жастарға базалық әскери дайындықтан өтуге мүмкіндік береді.

Оқу мерзімі – 40 тәулік, құны – 390 000 теңге. Бұл сомаға тәулігіне үш мезгіл ыстық тамақ, әскери киім, оқу процесіне байланысты шығындар (оқу атуын өткізу және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету), сондай-ақ казармада тұру кіреді.

ӘТМ түлектері мерзімді әскери қызметке шақыруға жатпайды.

Сондай-ақ, әскери билеті бар, бірақ бұрын әскери дайындықтан өтпеген әскери міндеттілер де оқуға қатыса алады.