ӘРБІР ЖАПЫРАҚ — НАЗАРДА: БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТАҒЫ ӨСІМДІКТЕР ҚАЛАЙ КҮТІМГЕ АЛЫНАДЫ?

ӘРБІР ЖАПЫРАҚ — НАЗАРДА: БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТАҒЫ ӨСІМДІКТЕР ҚАЛАЙ КҮТІМГЕ АЛЫНАДЫ?

Ботаникалық бақта тазалық пен тәртіпті сақтау мақсатында Есіл ауданының коммуналдық қызметтері күн сайын демалыс аймақтарын, көгалдарды, жаяу жүргіншілерге, велосипед пен жүгіруге арналған жолақтарды тазалайды. Ал өсімдіктерге күтім жасау табиғи жағдайлар мен өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес жүргізіледі.

Өсімдіктерді күтіп-баптаудың қыр-сырын бізге агроном Думан Жұмкеев түсіндіріп берді:

“Көктемде коммуналдық қызметтер қыс мезгілінен кейін аумақты жинап, өсімдіктерді минералды және органикалық тыңайтқыштармен қоректендіреді, көгал шөбін егеді, гүлдер мен сәндік өсімдіктерді отырғызады, зиянкестер мен ауруларға қарсы өңдейді, суару жүйелерін жөндеп, іске қосады. Жазда өсімдіктерді тұрақты суару мен қоректендіру, гүлзарлардың арам шөптерін жұлу және топырағын қопсыту, зиянкестер мен ауруларды тексеру, ағаштар мен бұталарды санитарлық кесу жұмыстары жүргізіледі. Күзде жапырақтарды жинау, өсімдіктерді қысқа дайындау, пиязшықтарды отырғызу (негізінен қызғалдақтар), көпжылдықтарды қырқу, маусымдық құрылымдарды шешу және суару жүйесін қысқа жабдықтау жұмыстары атқарылады”.

Суару екі тәсілмен жүзеге асырылады: күндіз – су шашатын арнайы техникамен, кешкі және түнгі уақытта – автоматтандырылған суару жүйесімен. Әр тәсілдің өз ерекшелігі бар: арнайы техникамен суару жиілігі мен мөлшері ауа райы жағдайына, топырақтың құрылымына және ылғалдылығына, сондай-ақ өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктеріне (мысалы, ылғалсүйгіш немесе құрғақшылыққа төзімді түрлеріне) байланысты. Ағаштар мен бұталар белсенді өсіп-даму кезеңінде олардың жасына байланысты суарылады. Қалыпты ауа райында соңғы үш жылда отырғызылған ағаштар маусым бойы 10 рет, ал ыстық және құрғақ күндері 14 рет суарылады.

Агрономның айтуынша, арамшөптер пайда болған кезде қолмен жұлу әдісі қолданылады. Гербицидтер тек нысаналы әсер ету үшін пайдаланылады.

Есіл ауданының Ботаникалық бағында тазалық пен тәртіпті, сондай-ақ өсімдіктердің саулығын сақтау – коммуналдық қызметтердің жүйелі әрі тиянақты жұмысының нәтижесі. Мамандардың кәсіби көзқарасы мен қажырлы еңбегінің арқасында бақ жыл бойы көрікті, жасыл әрі қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орны болып қала береді.