1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтіледі

1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтіледі

Астанада осы күнге орай түрлі іс-шаралар барлық саябақтарда өткізіледі.
Елордада 1 маусым күні өтетін іс-шаралар жоспары 36 іс-шараны қамтиды.

Мерекелік күн «Көңілді жаттығу» атты астананың ең жас тұрғындары мен балабақша тәрбиеленушілері арасында әуе шарлары флешмобымен басталады.

Астанада балаларды қорғау күніне орай № 31 мектеп-гимназиясында инклюзияны қолдау кабинеті ашылады. Ал, №10 мектеп-гимназиясында ресурстық орталықтың ашылуы жоспарлануда.

Мерекеге орай көптеген концерттер де өтеді.

Атап айтсақ, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Балалықтың бойтұмары», «Орталық» саябақта «Бақытты балалық шақ», Есіл өзенінің жағалауында «Астана – балалық шақтың мекені», ал, «Ұстаздар аллеясында» «Балалық шақ – ғажайыптар әлемі», Амфитеатрда «Болашақ – ол біз» атты мерекелік концерттер өтеді.

Сондай-ақ, «Орталық саябақта» балалар арасында «RoBOKOD» атты робототехника бойынша жарыс өтеді.

Сонымен қатар, әр мектептің спорт алаңдарында футбол командаларының ойыншыларымен жас футболшылардың матчы өтеді. Одан өзге спорттық ойындар да болады. «Арқан тарту», «Бес тас», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Ләңгі тебу», «Гір көтеру» сынды ұлттық ойындар «Жетісу» саябағында жалғасын табады.