Астанада 1 сәуірден бастап 1 сыныпқа құжаттарды қабылдау басталады

Астанада 1 сәуірден бастап 1 сыныпқа құжаттарды қабылдау басталады

Бұл туралы  бүгін, 30 наурызда Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қаирбаева «Астана қаласының коммуникациялар қызметі» алаңында «Балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды ұйымдастыру бойынша»  брифингте хабарлады.

1 сәуірден бастап 1 тамызға  дейін жалпы орта білім беретін мектептерге бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау басталатын болады.

Биылғы оқу жылына бірінші сыныпқа болжаммен жиырма алты мыңға жуық бала келеді деп күтілуде.

Білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, қызмет көрсететін аумақта тұратын алты жастағы және күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді.

Мамандандырылған мектептерден басқа барлық мектептер бірінші сыныпқа баратын балаларды  ешқандай емтихансыз қабылдайды.

Әр мектепте ата-аналарға көмек көрсету мақсатында бірінші сыныпқа қабылдау бойынша комиссия құрылды.

Ата-аналар құжаттарды «электрондық үкімет» www.egov.kz,  веб-порталы арқылы тапсырады.

Алғашқы үш өтініш мектептің аумағында тұратын балалардан қабылданады. Біреуі ата-аналардың өтініші бойынша, яғни таңдау бойынша (3+1 қағидаты бойынша).

Бірінші сыныпқа қажетті құжаттар:

- ата-анадан өтініш;

- баланың туу туралы куәлігі;

- денсаулық жағдайы туралы анықтама № 063/у және "Бала денсаулығы паспорты" 026/у-3

- баланың 2 данада 3х4 см өлшеміндегі фотосуретi.

Білім беру ұйымы ата-анадан тізбеде көрсетілмеген  құжаттарды талап етуге құқығы жоқ (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 бұйрығы)

Шетел азаматтары мен Қазақстан Республикасының аумағында азаматтығы жоқ адамдардың балаларын орналастыру  үшін бос оқушы орындары бар білім беру ұйымын анықтап олардан өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жолдама беріледі (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі № 468 бұйрығы).

Осы ретте ерекше білімді қажет ететін балаларды қабылдау ата-анасының келісімімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы негізінде жүргізіледі.

Мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау ережеге сәйкес 1 ақпаннан – 15 сәуір аралығында жүзеге асырылады. Конкурс 15-30 сәуір аралығында жүргізілетін болады.

Бірінші сыныпқа құжатты қабылдаудан қандай жағдайда бас тартады:

құжаттар топтамасын толық ұсынбағанда;

ұсынылған құжаттарының дұрыс еместігі анықталған жағдайда;

Сыныптар жиынтығы толып қалған кезде.

Егер негізсіз білім беру ұйымдарына қабылдаудан бас тартқан жағдайда Білім басқармасына 556870, 556881, 556887, 557462 телефондарына хабарласуға болады.

Айта кетейік, 1 сәуір сенбі күнге түсіп тұрғандықтан, 1 сыныпқа құжаттарды қабылдау 3 сәуірден басталады.