БАЙҚОҢЫР АУДАНЫНДА ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІНЕ ОРАЙ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ

БАЙҚОҢЫР АУДАНЫНДА ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІНЕ ОРАЙ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ

Елімізде алғаш рет аталып өтіп жатқан Ұлттық кітап күні аясында Байқоңыр ауданында оқушылар мен жастар арасында интеллектуалды білім сайысы ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты — кітап оқуды насихаттау, қатысушылардың ой-өрісін кеңейту және әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.

Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гауһар Жүсіпова мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін мектебіміздің оқушылары Ұлттық кітап күніне арналған викториналық ойынға қатысып жатыр. Бұл жай ғана сұрақ-жауап емес, бұл күн – білім, рухани баю және әдебиетке деген сүйіспеншіліктің мерекесі. Ұлттық кітап күні – кітап адамның адал серігі болып қала беретінін, оның ой-өрісін қалыптастыратын, талғамы мен ішкі мәдениетін дамытатын маңызды құрал екенін еске салады. Мұндай іс-шаралар балаларға шабыт беріп, олардың қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын оятады.


Білім сайысы Абай даңғылындағы Қаламгерлер аллеясында өтті.

Қатысушыларға Кітап күні жайлы ақпарат беріліп, қазақ, орыс және әлем әдебиетінің классикалық шығармаларына арналған сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, қатысушылар өздерінің сүйікті шығармалары туралы айтып берді. Шараға қатысқан барлық оқушылар естелік сыйлықтармен марапатталды.