
Астана қаласының «Байқоңыр» ауданының әкімі Талғат Рахманберді аудан тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.
Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымның жаңартылуы, абаттандыру және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар баяндалды.
Әкім өз сөзінде биылғы жылы ауданда бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқанын атап өтті. Оның ішінде аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, инженерлік желілерді жаңарту, жолдар мен тротуарларды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, сондай-ақ, реновация бағдарламасы аясындағы жұмыстар бар. Сонымен қатар, тұрғындар көтерген өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар мен жоспарлар туралы да ақпарат берілді.
Кездесуде тұрғындар түрлі сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Көбіне коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік қозғалысы, балалар және спорт алаңдарын салу, сондай-ақ санитарлық тазалық мәселелері талқыланды. Әкім әрбір сұрақты жеке бақылауға алып, шешімін табу бағытында нақты тапсырмалар берді.
Талғат Рахманберді тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымдары мен ауданның дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтып, барлық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері жинақталып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.