Елордалық Байқоңыр ауданында Еңбек күні қарсаңында айрықша мерекелік шара өтті. «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында бой көтерген жаңа «Коммуналдық қызметкерлер» гүлзарында еңбек майталмандары мен сала ардагерлері құрметке бөленді.
Іс-шара барысында коммуналдық сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегі бағаланып, қала дамуына қосқан зор үлестері үшін алғыс хаттар табысталды. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен еңбектегі өнегесі жастарға үлгі ретінде дәріптелді.
Сонымен қатар, еңбек ардагерлері мен қызметкерлері естелік ретінде гүлзар аумағына ағаш отырғызып, ауданның жасыл желегін толықтырды. Бұл бастама еңбек адамдарына деген құрмет пен табиғатты аялауға бағытталған игі дәстүрдің жалғасы болды.
Мерекелік шараның соңы көңілді концертке ұласып, аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен би өрнектелген концерт еңбек мерекесінің мәнін айшықтап, бірлік пен еңбектің құндылығын тағы бір мәрте паш етті.