Байқоңыр ауданында Абай даңғылы 92/1 мекенжайында орналасқан «Эгалите» тұрғын үй кешенінің ауласы қайта абаттандырылып, салтанатты түрде ашылды.
Ауланың ашылу құрметіне ашық аспан астында кең дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Абаттандыру жұмыстары аясында 7000 шаршы метр асфальт жабыны, 1 100 шаршы метр кеспетас төселді.
Балалар мен спорт алаңдарына 500 шаршы метр тартан жабындысы жайылды. 150 көлікке арналған автотұрақ жайластырылып , 100 велосипедке арналған велотұрақ орнатылды.
Сонымен қатар, 12 шағын сәулеттік форма мен 8 спорттық құрылғы қойылып, 320 метр жасыл желек қоршауы аулаға көрік берді.
📌Айта кетейік, аталған тұрғын үй кешені үшін өзекті мәселенің бірі – тұрғын үйге іргелес орналасқан ескі, заңсыз үйдің сүрілуі болды. Бүгінде оның орны кең әрі ыңғайлы автотұраққа айналды.
Сонымен қатар, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында аула жарықтандырылып, қоқыс контейнерлеріне арналған алаңдар да жаңартылды.
«Эгалите» ауласы енді тек демалуға арналған кеңістік қана емес, тұрғындардың күнделікті өміріне жайлылық сыйлайтын қауіпсіз әрі заманауи ортаға айналды.