Өрттің және жарылыстың алдын алу үшін газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет.
Ең алдымен тек зауытта шығарылған және жарамды газ баллондарын пайдалану керек. Баллон арнайы редуктормен және газ жабдықтарына арналған шлангпен жабдықталуы тиіс. Қолданар алдында барлық қосылыстардың герметикалығы тексерілуі қажет. Ол үшін сабынды ерітінді қолданылады. Егер көпіршіктер пайда болса, бұл газдың шығып жатқанын білдіреді.
Газ баллондары тік күйде орнатылып, газ плиталарынан және жылыту құрылғыларынан қауіпсіз қашықтықта орналастырылуы тиіс. Баллондарды жылу көздерінің, ашық оттың және қыздыру құрылғыларының жанында орналастыруға болмайды. Сонымен қатар баллондарды жертөлелерде, эвакуация жолдарында, кіреберіс пен шығу есіктерінің жанында сақтауға тыйым салынады.
Өте қауіпті әрекеттердің бірі – газ баллондарын өз бетінше толтыру немесе белгісіз шыққан баллондарды пайдалану. Баллондарды толтыру тек арнайы бекеттерде жүргізілуі тиіс. Сыртқы зақымдануы бар немесе техникалық тексеру мерзімі өткен баллондарды пайдалануға болмайды.
Жұмыс істеп тұрған газ плитасын қараусыз қалдыруға, газ жанарғыларының үстінде киім немесе басқа заттарды кептіруге, сондай-ақ жарамсыз газ жабдықтарын пайдалануға қатаң тыйым салынады. Газды пайдаланғаннан кейін баллонның вентилін міндетті түрде жабу қажет.
Егер бөлмеде газдың иісі сезілсе, дереу баллонның вентилін жауып, терезелерді ашып бөлмені желдету керек. Мұндай жағдайда электр құралдарын пайдалануға болмайды. Жарықты қосуға немесе өшіруге, сіріңке жағуға және ашық от қолдануға қатаң тыйым салынады. Осыдан кейін бөлмеден шығып, авариялық газ қызметін шақыру қажет.
Газ баллондарын пайдалану ережелерін сақтау тұрғын үйлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады. Газ жабдықтарын жауапкершілікпен пайдалану өрттердің алдын алуға, мүлікті сақтауға және ең бастысы адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.