Бүгін елорданың «Алматы» ауданында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасын қоғамдық талқылау өтті. Шараға белсенді тұрғындар мен түрлі сала өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан аудан әкімі Рустем Тауекелов 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдум әрбір азаматқа өз пікірін білдіріп, елдің Негізгі заңының болашағын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Конституциялық реформаның басты мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыру, саяси жүйені жаңғырту және халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерін кеңейту. Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басым бағыты ретінде бекітілді. Әділеттілік, заң және тәртіп қағидаттары конституциялық деңгейде айқындалды. Азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормалары енгізілді. Білім, ғылым және инновация мемлекеттің негізгі даму бағыты ретінде белгіленді», – деді аудан әкімі.
Конституция жобасының негізгі ережелерін кездесудің спикерлері жан-жақты таныстырды:
• ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – Павел Казанцев;
• Конституциялық комиссия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – Марат Башимов.
Жоба 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Негізгі өзгерістердің қатарында жаңартылған преамбула, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, сондай-ақ азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерге қатысуын қамтамасыз ететін жаңа консультативтік орган – Халық кеңесін құру қарастырылған.
Талқылауға аудандық басқармалар басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері қатысты. Кездесу соңында тұрғындар өз сұрақтарын қойып, жаңа Конституция жобасына қатысты ұсыныстарын білдірді.