
Пиротехникалық бұйымдар жаңа жыл және басқа да мерекелік іс-шаралар кезінде кеңінен қолданылады. Алайда оларды сақтау, сату және пайдалану талаптары бұзылған жағдайда адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, өрттің және жарақаттардың пайда болуына себеп болуы мүмкін.
Пиротехникалық бұйымдарды сату
Пиротехникалық өнімдерді сату тек арнайы сауда объектілерінде, рұқсат құжаттары мен сәйкестік сертификаттары болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сауда орындары алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы, ал сатушылар өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқамадан өтуі тиіс.
Тыйым салынады:
• жарамдылық мерзімі өткен пиротехникалық бұйымдарды сату;
• таңбалануы мен қолдану жөніндегі нұсқаулығы жоқ өнімді өткізу;
• рұқсат етілмеген сауда орындарында, базарларда және қолдан сату;
• пиротехникалық бұйымдарды кәмелетке толмағандарға сату.
Пиротехникалық бұйымдарды сақтау
Пиротехникалық бұйымдар құрғақ, жақсы желдетілетін, жылу көздерінен және ашық оттан алыс орындарда сақталуы тиіс. Оларды жанғыш заттармен бірге сақтауға тыйым салынады.
Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану
Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану тек ашық алаңдарда, тұрғын үйлерден, автокөліктерден, электр желілерінен және адамдар көп жиналатын орындардан алыс жерде рұқсат етіледі.
Қатаң түрде тыйым салынады:
• пиротехниканы ғимарат ішінде, балкондарда, лоджияларда және подъездерде қолдану;
• зақымдалған пиротехникалық бұйымдарды пайдалану;
• пиротехникалық бұйымдардың құрылымын бұзу немесе өзгерту;
• фитильді жаққаннан кейін бұйымды қолда ұстау;
• балалар мен жасөспірімдерге ересектердің бақылауынсыз пайдалануға рұқсат беру.
Пиротехникалық бұйымдармен жұмыс істеу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.