Жаңа жыл мерекесін өткізу кезіндегі өрт қауіпсіздігі

Жаңа жыл мерекесін өткізу кезіндегі өрт қауіпсіздігі

Жаңа жыл мерекелері кезеңінде жаппай іс-шаралардың саны артып, жаңа жылдық шыршалар орнатылып, сәндік электр жарықтандыру құралдары мен пиротехникалық бұйымдар кеңінен қолданылады. Осыған байланысты өрт шығу қаупі жоғарылайды, сондықтан өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау ерекше маңызға ие.

Алдын алу және бақылау шаралары

Жаңа жыл мерекелері қарсаңында азаматтық қорғау органдары жаппай адамдар жиналатын жаңа жылдық іс-шаралар өтетін объектілерде профилактикалық тексеру жұмыстарын жүргізеді. Тексеру барысында іс-шаралар өткізілетін орындарға, жаңа жылдық шыршаларды орнату және жағу орындарына, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдар сатылатын объектілерге ерекше назар аударылады.

Аталған шаралардың негізгі мақсаты — өрттердің алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мерекелік кезеңде төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу.

Жаңа жылдық шыршаны орнату талаптары

Жаңа жылдық шыршаны орнату кезінде келесі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажет:

• шырша құлап кету қаупін болдырмайтын тұрақты негізге орнатылуы тиіс;

• шыршаны жылу беру құралдарынан және басқа да жылу көздерінен алыс орналастыру қажет;

• тез тұтанатын материалдардан жасалған әшекейлерді пайдалануға тыйым салынады;

• жарықтандыру үшін тек сертификатталған зауытта өндірілген электр гирляндаларын қолдану керек;

• электр сымдары мен розеткалар жарамды күйде болуы, электр желісіне артық жүктеме түспеуі тиіс. Жаңа жылдық іс-шаралар өтетін орындардағы өрт қауіпсіздігі

Жаңа жылдық іс-шаралар кезінде адамдар көп жиналатын орындарда:

• эвакуациялық шығу жолдары бос әрі қолжетімді болуы тиіс;

• өрт дабылы, хабарлау және эвакуацияны басқару жүйелері жарамды күйде ұсталуы қажет;

• алғашқы өрт сөндіру құралдары жеткілікті әрі жарамды болуы тиіс;

• ашық отты, шамдарды және рұқсат етілмеген пиротехниканы пайдалануға жол берілмейді;

• объектіде өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар тағайындалуы қажет.