«Алматы» ауданының әкімі Оңтүстік-Шығыс шағынауданының тұрғындарымен кездесті

«Алматы» ауданының әкімі Оңтүстік-Шығыс шағынауданының тұрғындарымен кездесті

«Алматы» ауданының әкімі Рустем Тауекелов Оңтүстік-Шығыс шағынауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге Астана қаласы мәслихатының депутаты Владислав Сергеев, басқармалар мен коммуналдық және құқық қорғау қызметтерінің өкілдері қатысты.

Ашық диалог барысында тұрғындар өз ұсыныстары мен сұрақтарын жеткізіп, 2025 жылы шағынауданда атқарылған оң өзгерістерді атап өтті. Әкімшілік ауданның дамуына белсенді қатысып, конструктивті пікір білдірген тұрғындарға ризашылығын білдірді.

Ағымдағы жылы Оңтүстік-Шығыс шағынауданында қалалық ортаны жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұрын топырақ жол болған Кеген, Баянтау, Қаратал және Бесшалқар көшелеріне асфальт төселді, фрезерлік материалмен жобаға сай тегістеу жүргізілді, жаңа автотұрақ аймақтары салынды. М. Жұмабаев даңғылында жол жабынына орташа жөндеу жасалды, ұзындығы 2,5 км тротуарлар салынды, Абылай хан даңғылы бойындағы үйлердің арасынан жаңа жол ашылды. №116 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді, аялдама алаңдары салынды, полицияның бекет пункті ашылды, бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде.

Нөсер кәріз жүйесінің құрылысы, үйлерді орталықтандырылған жылу желісіне қосу, электрмен жабдықтау желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Үш қоғамдық кеңістік абаттандырылды — Келес көшесінде, «3 гектар» ТК аумағында және «Хабар» ТК жанында. Сонымен қатар 15 аула аумағы жаңартылды, 2 500-ден астам ағаш және 2 000 бұта отырғызылды.

Фасадтарды, маңдайшаларды және жарнамалық құрылымдарды ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп, 160-тан астам заңсыз нысан бұзылды. Бұл шағынауданның сәулеттік келбетін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.

Жолдар мен инженерлік желілердің құрылысы және реконструкциясы жалғасуда: 20 көшенің 17-сі аяқталды, қалғандары 2026 жылы толық орындалатын болады.

Кездесу барысында тұрғындар көтерген барлық мәселелер 2026 жылға арналған жоспарларды қалыптастыру кезінде ескеріледі. «Алматы» ауданы әкімінің аппараты Оңтүстік-Шығыс шағынауданы тұрғындары үшін қолайлы және қауіпсіз орта құруға бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастырады.