«Алматы» ауданының әкімі Рустем Тауекелов «Железнодорожный» тұрғын алабының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. «Ашық микрофон» форматында әрбір тұрғын өз сұрақтары мен ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды.
Талқылауға Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Айтхожин, сондай-ақ жауапты басқармалар, құқық қорғау органдары, коммуналдық және сервистік қызметтердің өкілдері қатысты.
2025 жылы тұрғын алапта қалалық ортаны жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Жолдарға шұңқырлы жөндеу жүргізілді, 11 көшеге фрезерлік материал төселді, жылы аялдамалар жаңартылды, автобустарға арналған айналма алаң абаттандырылды. А1 көшесін реконструкциялау және жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жобалық жұмыстар жалғасуда.
Қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды: Керегетас және Т. Әубәкіров көшелерінің қиылысында жаңа сквер ашылды, Иманақ көшесіндегі сквер жаңартылды, 480-нен астам ағаш отырғызылды, ұзындығы 950 метр тротуар салынды. Қар полигоны іске қосуға дайындалды, бақылау және бейнебақылау жүйесі күшейтілді.
Ауданның қоғамдық көлік қызметі жақсарды: №15, 15А, 22 және 22А маршруттары жұмыс істеп тұр, 2026 жылдың қаңтарында №76 жаңа бағытты іске қосу жоспарланған. Байланыс және интернет желілері жаңғыртылып, 700-ден астам абонент қосылды, мобильді байланыстың «ақ дақтары» жойылды.
13 тұрғын үй мен 6 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз ететін газды блокты-модульді қазандық пайдалануға берілді. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, онда спорттық секциялар, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы және полицияның тірек пункті жұмыс істей бастады.
Кездесуде тұрғындар көтерген барлық мәселелер жұмысқа алынып, 2026 жылға арналған жоспарларды қалыптастыру кезінде ескерілетін болады. «Алматы» ауданы әкімі аппараты «Железнодорожный» тұрғын алабының тұрғындары үшін жайлы және қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастырады.