Суық мезгіл басталысымен жеке тұрғын үйлерде де, көпқабатты үйлерде де өрт шығу қаупі артады. Оның басты себептері — электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі, ақаулы немесе қолдан жасалған жылытқыш құралдарды пайдалану, пештер мен каминдердің дұрыс қолданылмауы, сондай-ақ тұрғындардың немқұрайлығы. Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау — өмірлік маңызы бар қажеттілік.
Жеке тұрғын үйлерде пештер мен каминдерді алдын ала тексертіп, түтін мұржаларын күйеден тазартып, ақаулардың жоқтығына көз жеткізу қажет. Пештерді қараусыз жағуға немесе жанғыш сұйықтықтармен тұтатуға қатаң тыйым салынады. Пештің маңында жанғыш заттар — жиһаз, кілем, отын секілді заттар болмауы керек. Пештің алдындағы еденге міндетті түрде темір табақ қойылуы тиіс — бұл ұшқын немесе шоқ түскен жағдайда өрттің алдын алуға көмектеседі.
Көпқабатты үйлерде басты қауіп — электр жылытқыштарын дұрыс пайдаланбау. Бірнеше қуатты құралдарды бір розеткаға қоса салуға болмайды — бұл электр желісінің қызып, қысқа тұйықталуына әкелуі мүмкін. Ақауы бар немесе қолдан жасалған жылытқыштарды, сондай-ақ оларды перде мен жиһаздың жанына қоюға және түнде қараусыз қосып қоюға болмайды.
Сонымен қатар, баспалдақ алаңдары мен эвакуациялық шығу жолдарын заттармен бітеп тастауға болмайды — өрт кезінде бұл жолдардың ашық болуы адамдардың өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді.
Үй түріне қарамастан, барлық тұрғындар қарапайым қауіпсіздік ережелерін есте ұстауы тиіс: төсекте шылым шекпеу, ашық отты қараусыз қалдырмау, электр желісінің жағдайын үнемі қадағалау және үйде жарамды өрт сөндіргіштің болуы. Балаларға отпен ойнаудың қауіпті екенін түсіндіру және төтенше жағдайда не істеу керектігін үйрету қажет.
Өрт шыққан жағдайда шұғыл түрде ғимараттан шығып, 101 немесе 112 нөміріне хабарласып, егер мүмкін болса, өрттің шағын ошағын сөндіруге әрекет жасау керек. Есіңізде болсын: өртті сөндіргеннен гөрі, алдын алған әлдеқайда оңай. Қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы сіз өз өміріңізді, жақындарыңызды және мүлкіңізді сақтап қала аласыз.