ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Төрағасының орынбасары Сырымбет Қаскеев Қазақстандағы Франция даму агенттігі (AFD) кеңсесінің директоры Гульноза Калленс және «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекинамен кездесу өткізді. Кездесудің тақырыбы танысу және көміртекті бейтараптық саласындағы ынтымақтастықты талқылау болды.
Агенттіктің қызметі туралы айта келе, Төрағаның орынбасары Сырымбет Қаскеев Мемлекет басшысы экология мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Агенттік зерттеу жүргізу мен макроэкономикалық модельдеу саласындағы ынтымақтастыққа әрдайым ашық» - деп атап өтті ол.
AFD директоры Гульноза Калленс Қазақстанда көміртекті бейтараптық саласында жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдіре отырып, AFD декарбонизация процесін әлеуметтік-экономикалық және экологиялық бағалау саласында техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
«AFD өтпелі саясаттар бойынша шешім қабылдауға көмекші ESTEEM және GEMMES модельдеу құралдарын әзірледі. Біздің экономистер мен сарапшылар бірлесіп жұмыс істеуге дайын» - деді Г.Калленс.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Франция даму агенттігінің тобы (AFD) Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстан Республикасына сапары кезінде қол қойылған екіжақты келісім аясында Қазақстанда өз қызметін бастады. AFD энергетика, көлік, коммуналдық шаруашылықтағы инфрақұрылымдық жобаларға техникалық көмек көрсетумен және қаржыландырумен айналысады.