Қазіргі уақытта ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде болжамдық-аналитикалық модельдердің өзіндік экожүйесі қалыптасты деп мәлімдеді Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдері үшін ХВҚ-ның Өңірлік әлеуетті дамыту орталығы (ССАМТАС) ұйымдастырған семинарда.
Олжас Төлеуовтың айтуынша, Агенттіктің пен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының реформаларды әзірлеу және стратегиялық жоспарлау процесінде әртүрлі мақсаттарда пайдаланылатын модельдердің ауқымы кең.
Мысалы, макроэкономикалық модельдеу және болжамдау үшін Агенттіктің сарапшылары әзірлеген - QazMod жүйесі пайдаланылады. Бұл модельдің басты артықшылығы - ішкі және сыртқы факторлардың кең спектрін ескеруі. Бұл өз кезегінде сценарийлік талдау жүргізуге және макроэкономикалық көрсеткіштерді болжауға мүмкіндік береді.
Кеңістіктік-экономикалық модельдің (КЭМ) мүмкіндіктерін таныстыра отырып, спикер Агенттіктің бұл геоцифрлық құралы белсенді даму сатысында екенін атап өтті. Ол демография, жұмыспен қамту, инвестициялар, инфрақұрылым, нақты сектор, қызметтер және әлеуметтік салаларды қоса алғанда, өңірлердің экономикалық әлеуетін объективті бағалауға арналған.
«Аталған геоцифрлық жүйені қолдану өңірлердің күшті және әлсіз жақтарын жүздеген көрсеткіштер негізінде ғана емес, облыстар, аудандар мен қалалар деңгейінде де тексеруге мүмкіндік береді. Интерактивті модель Қазақстанның 38 қаласы, 184 ауданы мен оның ішінде республикалық маңызы бар қалалардың аудандарының экономикасын талдауға қабілетті. Алдағы уақытта КЭМ аясында біз генеративті жасанды интеллектіні енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл барлық қолжетімді деректерді жедел әрі кешенді өңдеуге және диагностика нәтижелерін автоматтандырылған түрде ұсынуға мүмкіндік береді» - деді Агенттік төрағасының орынбасары.
Семинар барысында Агенттіктің басқа да модельдерінің мүмкіндіктері таныстырылды.
«Агенттік ретінде біз макроэкономикалық және кеңістіктік модельдеу, болжамдау мен талдау мәселелері бойынша Үкімет, Ұлттық Банк және өңірлермен тығыз өзара іс-қимыл жасауға бағыт алып отырмыз. Бұл нақты әрі нысыналы ұсынымдар әзірлеуге, сондай ақ әлеуметтік-экономикалық реформалардың тиімді дизайнын қалыптастыруға жол ашады» - деп қорытындылады Олжас Төлеуов.