Бүгін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Төрағасының орынбасары Сырымбет Қасқеев Дүниежүзілік банктің «Орташа табыс тұзағы» баяндамасының презентациясына қатысты.
Дүниежүзілік банктің бас экономисі Ивайло Изворскидің айтуынша, орта және жоғары табысы бар елдердің негізгі айырмашылығы бастапқы ресурстар көлемінде емес, оларды тиімді пайдалануда жатыр. Баяндамаға сәйкес, Дүниежүзілік банк сарапшылары экономикалық өсімнің үш негізгі факторын атап өтті: кәсіпорындар, білікті кадрлар мен әлеуметтік мобильділік және энергия.
Панельдік сессия барысында сұрақтарға жауап берген Агенттік төрағасының орынбасары баяндаманың көптеген тұжырымдары 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында көрініс тапқанын атап өтті.
«Ұлттық даму жоспарын әзірлеу кезінде біз экономиканы ырықтандыру және бәсекелестікті ынталандыру, сапалы білім мен қолайлы орта арқылы әрбір қазақстандықтың әлеуетін жүзеге асыруға жәрдемдесу, өнімділік пен экономиканың күрделілігіне баса назар аудару, сондай-ақ өңірлік дамудағы сыни алшақтықтарға жол бермеу секілді бірқатар базалық қағидаттарға сүйендік. Бұл елдің орта мерзімді кезеңге арналған стратегиялық бағдарларын айқындауда ұстанған негізгі қағидаттарымыз болды. Көптеген маңызды даму бағыттарында ортақ ұстаным тапқанымыз мен үшін қуантарлық жайт» – деді Сырымбет Қаскеев.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің Төрағасы Татьяна Савельева, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша бас экономисі Ивайло Изворски, Орталық Азия өңірі бойынша жетекші экономист Дэвид Найт, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов және басқалары қатысты.