Қоғамдық кеңес Агенттік жұмысының нәтижелерін талқылады

Қоғамдық кеңес Агенттік жұмысының нәтижелерін талқылады

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Іс-шараны ашқан Агенттік төрағасы Жандос Шаймарданов кеңес мүшелеріне қоғамдық кеңестің бұрынғы жетекшісінің ауысуына байланысты жаңа төраға сайлауды ұсынды.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен Парламент Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Такиев кеңес төрағалығына сайланды.

Күн тәртібінде «Пайым: Қазақстан – 2050»стратегиясының жобасы және 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеу барысы мен тәсілдерін талқылау, сондай-ақ Агенттіктің бюджеттік бағдарламаларын іске асыру мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау мәселелері талқыланды.

Алғашқы спикер Агенттіктің макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Сырымбет Қаскеев кеңес мүшелерін жаңа стратегияның негізгі бағыттары мен Пайым жобасымен таныстырды.

Қоғамдық кеңес мүшелері Сұлтан Әкімбеков, Әділ Құсманов, Елена Бахмутова, Бақыт Есекина, Қайырбек Арыстанбеков, Еркін Тәтішев, Бану Нұрғазиева және Шолпан Әйтенова құжат жобасына Пайымды әзірлеу кезінде ескерілетін бірқатар ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Агенттіктің Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Айгүл Ерекешева бюджеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері туралы баяндады. Сонымен қатар, спикер ведомстовның 2024-2026 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламаларының жобасымен таныстырды.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев бюроның, оның аумақтық бөлімшелері мен «Ақпараттық-есептеу орталығы» ведомстволық бағынысты ұйымының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдаудың нәтижелері туралы айтып берді.

Қоғамдық кеңес жұмысын қорытындылай келе, Мәди Такиев кеңес мүшелеріне келесі жылға арналған жұмыс жоспарын бекітуді ұсынды, сондай-ақ оған төраға ретінде сенім артқаны үшін алғыс айтып, жемісті жұмыс жасауға дайын екенін білдірді.