Президент сайлауалды бағдарламаны іске асыру үшін іс-қимыл жоспарын бекітті, оның бір тармағы ең төмен жалақыны айқындаудың серпінді тәсілге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескеретін жаңа әдістемесін енгізу болып табылады.
Неліктен бұл маңызды және әлемдік тәжірибе қандай?
Әлемдік практикадағы ең төменгі жалақы (бұдан әрі – ЕТЖ) қызметкерлердің неғұрлым осал және жалақысы төмен санаттарын қорғаудың маңызды құралы болып табылады.
Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) анықтамасына сәйкес, ЕТЖ белгілеу еңбеккерлерді заңсыз төмен жалақыдан қорғау, прогресс жемістерін тең және әділ бөлу, сондай-ақ жұмыскерлерді өмір сүру шығындарын жабатын тиісті минимуммен қамтамасыз ету мақсаттарын көздейді.
Осы құралдың пайдасы туралы сарапшылар пікірінің әртүрлі болуына қарамастан, бүгінгі таңда ЕТЖ ХЕҰ-ға мүше елдердің 90%-дан астамында бар (ХЕҰ-ға мүше 187 ел, 02.2019 ж.) және оны анықтау тәсілдері ел экономикасының, еңбек нарығының ерекшеліктеріне және басқа да факторларға байланысты.
Осылайша, әлем елдерінде сәтті қолдануға болатын ЕТЖ анықтаудың әмбебап әдістемесі жоқ.
Алайда, әртүрлі экономикалық факторларға негізделген ЕТЖ анықтау әдіснамасының болуы елдің бүкіл еңбекақы төлеу жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде ЕТЖ дамуының белгісі деп айтуға болады.
Әлемде ЕТЖ сәйкестігін бағалау үшін әртүрлі көрсеткіштер пайдаланылады. Ең көп тарағаны – Кейц индексі (ЕТЖ-ның орташа жалақыға қатынасы). ХЕҰ тарапынан Кейтц индексі 50% деңгейінде болуы ұсынылады.
Сонымен қатар, Еуропалық Одақ елдерінде Кейтц индексі орта есеппен 60%-ды құрайды, оның ішінде Португалияда – 70%, Польшада – 63%, ал Дүниежүзілік банк жіктеуіне сәйкес, табысы шамалас елдер – Боливияда Кейтц индексі – 66%, Чилиде – 66%, Эквадорда – 88%.
Қазақстанда жағдай қалай?
Қазақстанда ұзақ уақыт бойы ЕТЖ ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленді, тек 2019 жылы ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары 42,5 мың теңге деңгейінде айқындалды. Биылғы жылы Президенттің тапсырмасы бойынша ЕТЖ 60 мың теңге деңгейінде белгіленді.
Нәтижесінде, оны анықтаудың нақты әдіснамасының болмауына байланысты ЕТЖ ел бойынша орташа жалақыдан едәуір артта қалды және экономикадағы нақты жағдайды ескермейді.
Мәселен, Қазақстанда 2022 жылы Кейтц индексі небәрі 29,4%-ды құрады.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде мұндай үрдістің сақталуы жалақы деңгейіне теріс әсер ететінін, өйткені халық табысының негізгі үлесі дәл еңбек қызметінен түсетін табыстардан қалыптасатынын және бұл кірістер құрылымында 73%-дан асатынын атап өтті.
Қазақстанның ЕТЖ төмен болуының басты себебі – оны анықтауда серпінді тәсілдің болмауы. Осының салдарынан бұл көрсеткіш экономикадағы өзгерістерге ілесе алмайды.
Мәселені шешу үшін қандай әрекеттер жасалуда?
Осы мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар тапсырмалар айтты.
Біріншіден, бұл – ЕТЖ мөлшерін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін арттыру, бұл шамамен 1,8 млн. азаматтың табысына әсер етеді.
Екіншіден – динамикалық тәсілге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ЕТЖ айқындаудың жаңа әдістемесін енгізу жөніндегі тапсырма.
Бұл қадамдар еңбекақы төлеудің барлық жүйесін дамыту үшін өте маңызды, өйткені олар тек ЕТЖ алатын қызметкерлерге ғана емес, сонымен қатар жалақысы ЕТЖ негізінде есептелетін азаматтарға да әсер етеді.
Осылайша, қарқынды өсіп келе жатқан және негізделген ЕТЖ халықтың нақты ақшалай табысының өсуіне, кедейліктің қысқаруына, еңбекақы қорының ұлғаюына, оның ішінде оны көлеңкеден шығаруға, тұтынудың өсуіне және басқа факторларға оң әсер етеді.
Агенттікте бұл бастаманы іске асыру кезінде ЕТЖ-ны оның экономикаға әсер ету сценарийлерімен анықтаудың әртүрлі нұсқаларын есептеу қажет екенін, өйткені оның негізсіз өсуі формальды жұмыспен қамтудың төмендеуі мен тұтыну бағасының өсуін қамтитын әртүрлі жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Бұл ретте көрсетілген тәуекелдердің алдын алу үшін ЕТЖ анықтау мәселелеріне барлық мүдделі тараптарды: мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін, кәсіподақтарды, еңбекақы төлеу саласындағы халықаралық және жергілікті сарапшыларды белсенді тарту қажет.