Халық санағы -2021

Халық санағы -2021

 Қазақстанда халық санағы 2021 жылдың 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді.

Мәліметтерді жинау процесі екі жолмен жүзеге асырылады.

Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауалнама жүргізу, ол виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттерге тұрған орнына қарамастан өздігінен санақтан өтуге және өзі, отбасы мүшелері үшін санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады.

Екінші әдіс – дәстүрлі жаппай сауалнаманы ағымдағы жылғы 1-30 қазан аралығында интервьюерлер электронды планшеттерді пайдалана отырып жүргізеді.  Санақ кезінде мәліметтерді жинау үшін сәйкестендіруші ақпарат ретінде сауалнама жүргізілетін тұлғаның ЖСН-і пайдаланылатын болады. Бұл мәліметтердің қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, egov.kz Электрондық үкімет сайтының басты парағында sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтына өтетін сілтеме бар, ол арқылы онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады.

Сондай-ақ, респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептерде және т. б. нысандарда орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушы учаскелерде санақтан өте алады.

Онлайн режимде санақ жүргізу кезеңінде ұялы телефоннан "88000800878" және стационарлық телефоннан "1446" арқылы Call-орталықтың тегін бірыңғай телефон нөмірінен санақ мәселелері бойынша кеңес беру қарастырылған.

 

Санақ қорытындысынан мемлекет қандай деректерге ие болады?

2021 жылғы Ұлттық халық санағы аясында азаматтарға олардың экономикалық, әлеуметтік жағдайы, тұрғын үй жағдайларының жай-күйі және т.б. туралы 91 сұрақ қойылады.

Дәстүрлі көрсеткіштермен қатар 2021 жылғы санақтың санақ парақтарына жаңа сұрақтар енгізілген. Оның ішінде: респонденттің халықты санау кезіндегі орналасқан жері; өмір сүру мүмкіндігінің шектелуі (көру қиындығы, есту қиындығы, жүру кезіндегі қиындықтар, есте сақтау және/немесе назар аудару қиындықтары); ҚР аумағында уақытша тұру үшін басқа елден келуі; келу мақсаты және басқа да бірқатар мәселелер.

Сұрақтардың жеке блогы COVID-19 ауруы мен вакцинация және пандемияның табыс деңгейіне әсері туралы болады.

Санақ парақтарына көші-қон жөніндегі (Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуды жоспарлау, негізгі себептері мен мерзімдері туралы); неке жағдайы туралы (қазіргі (немесе қайта) некеге тұру туралы); Жұмыспен қамту жөніндегі (уақытша жұмыспен қамтылмау себептері, жұмыстан тұрақты тұратын жеріне оралу кезеңділігі туралы); тілдерді меңгеру дәрежесі туралы, діни ұстанымы туралы сұрақтар енгізілген.

Осылайша, санақ қорытындысы бойынша халықтың саны мен жыныстық-жас құрылымын бағалау үшін бастапқы база қалыптасатынын, халықтың әртүрлі әлеуметтік-демографиялық топтарының жағдайын сипаттайтын ақпарат, демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің есептері жүргізіледі.

Санақ қорытындысы экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты анықтау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының функцияларын орындау, ғылымды және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады.

 

2021 жылғы санақ 2009 жылғы санаққа қарағанда 2,6 есе арзан

Заманауи технологияларды қолданудың арқасында 2021 жылғы Ұлттық халық санағын өткізу 2009 жылғы халық санағын өткізуге қарағанда 2,6 есе арзанға түседі.

2018 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде (бесжылдық кезеңге) халық санағын жүргізуге бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде санақ қызметкерлерінің қызметіне ақы төлеуге 4,7 млрд теңге бөлінді. Осы кезеңде 32 313 адам жұмысқа орналастырылады.

2021 жылғы халық санағын өткізуде бір адамға жұмсалатын шығын 1,1 АҚШ долларын құрайды. Мысалы, 2009 жылғы халық санағы кезінде мұндай сәйкес шығын 2,9 АҚШ долларын құрады.

Халық санағы шығындарының төмендеуі сандық технологияларды енгізумен және халық санағы бойынша деректерді жинау процесін автоматтандырумен байланысты. Санақ жүргізу үшін 1,1 млрд теңге сомасына қуаттау құрылғылары мен тысқаптары бар 27 412 планшет сатып алынды.

Санақ аяқталғаннан кейін бұл планшеттер мүдделі мемлекеттік органдарға беріледі.