Қазақстан мен Дүниежүзілік экономикалық форум ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жаңа форматын талқылады

Қазақстан мен Дүниежүзілік экономикалық форум ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жаңа форматын талқылады

18 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде Агенттік Төрағасының орынбасары Әділ Құсмановтың Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) өкілдері – ДЭФ-тің Өңірлер, сауда және геосаясат орталығының Еуропа және Еуразия бағытының жетекшісі Джон Дитрихпен және ДЭФ-тің Еуропа және Еуразия бойынша әріптестікті дамыту бағытының жетекшісі Марвен Гарбаамен кездесуі өтті. Тараптар ұзақ мерзімді жобалар мен нақты нәтижелерге бағытталған өзара іс-қимылдың неғұрлым жүйелі форматына көшуді талқылады.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары қатарында жасанды интеллект пен цифрландыру, энергетика және жаңа материалдар, логистика және жеткізу тізбектерін дамыту, адами капитал, қаржы секторы мен институционалдық реформалар бар. ДЭФ өкілдері халықаралық бизнестің Орталық Азияға қызығушылығы артып келе жатқанын, сондай-ақ Форумның сарапшылық және іскерлік желілері арқылы Қазақстанмен өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін атап өтті. Талқылау қорытындысы бойынша басым бағыттарды айқындап, олар бойынша нақты бірлескен бастамалар әзірлеу ұсынылды.
Тараптар сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық басымдықтарын қолдау үшін ДЭФ-тің талдамалық және сарапшылық әлеуетін пайдалану мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, бәсекеге қабілеттілік, экономикалық өсу, еңбек нарығы және салалық трансформациялар салаларында сараптамалық зерттеулер жүргізу мәселелері сөз болды. Форум өкілдері ірі бастамаларды іске асыру кезінде стратегиялық басымдықтарды үйлестірудегі және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етудегі Агенттіктің рөлін атап өтті.
Алдағы жұмыс басым бағыттарды нақтылауға және өзара іс-қимылдың практикалық форматтарын айқындауға бағытталады. Тараптар стратегиялық реформаларды сараптамалық сүйемелдеуге, халықаралық тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Дүниежүзілік экономикалық форум арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға баса назар аудара отырып, өзара қызығушылық тудыратын перспективалы бірлескен бастамалар бойынша консультацияларды жалғастыруға келісті.